Қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін нормалар енгізілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджет қаражатының теңгерімді бөлінуін  қамтамасыз ету мақсатында спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін  Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Мәдниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Спорт түрлері бойынша бюджет қаражатының теңгерімді бөлінуін  қамтамасыз ету мақсатында осы заң жобасымен спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу көзделеді. Бюджетті айқындаған кезде спорт түрлерін саралау критерийлері ескерілетін болады. Саралау көрсеткіштерін айқындаудың негізгі критерийлеріне: халықаралық жарыстардағы спорт жетістіктері, спорт түрінің ұлттық-мәдени «дәстүрлілігі», кадр әлеуетінің болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, өңірдің климаттық жағдайларына спорт түрі ерекшеліктерінің арақатынасы жатқызылатын болады»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда спорт түрлері бойынша қаржыландыруды бөлудің қолданыстағы тәртібі тиімділік пен объективтіліктің төмен деңгейімен сипатталады. Жергілікті жерлерде спортты және дене шынықтыруды дамытуға бөлінетін бюджеттік қаражат біркелкі және теңгерімді үлестірілмеген. Спортты және дене шынықтыруды әлі де кешенді дамыту үшін қажетті жағдай жасалмаған, дамыған спорт инфрақұрылымына қолжетімділік шектелген, бұл өз кезегінде қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Заң жобасымен мемлекеттік басқару органдары және  Ұлттық Олимпиада комитетін қоса алғанда, қоғамдық бірлестіктер арасындағы функциялардың аражігін  ажырату ұсынылады.  Жергілікті атқарушы органдар бұқаралық спортты дамытумен, орталық уәкілетті орган  - стратегиялық міндеттермен, дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелерін үйлестірумен, сондай-ақ бюджет қаражатының атқарылуын  бақылаумен айналысатын болады.

Палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.  

Соңғы жаңалықтар