Қазақстандық спортшылар Пхенчханға қазы-қарта ала келді - Елсияр Қанағатов

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Ертең, 9 ақпанда Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ақ Олимпиада қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатовтан арнайы сұхбат алған еді.

- Елсияр Баймұхамедұлы, ертең ресми ашылатын айтулы додаға спортшыларымыз қаншалықты дайын?

- Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Спортшыларымыз Пхенчхандағы Олимпиаданың екі қалашығына бөлініп орналасты. Үстіңгі қалашықта шаңғы және шана спорты түрлерінің спортшылары, биатлон, фристайл мен  могулшылар жайғасса, төменгі қалашыққа шорт-трекшілер, конькишілер, мәнерлеп сырғанаушылар орналасты. Бүгінгі таңда әр спортшы өздері сынға түсетін алаңдарда еркін жаттығып, кореялық алаңдармен танысып үлгерді. Негізінен құрама жарысқа сақадай дайын деп айта аламыз.

- Спортшыларымыз толығымен келіп болды ма?

- Бір-екі спорт түрінен сынға түсетін спортшыларымыз ғана қалды. Фристайл-акробатикадан және мәнерлеп сырғанаудан екі қызымыз  келген жоқ. Олар жарыс кестесіне сәйкес, сайыстар жақындағанда келеді. Ал Денис Тен Сеулде, ол сол жақта жүріп соңғы жаттығуын жасап жатыр.

- Спортшылардың Пхенчхан ауа райына, жер жағдайына, жергілікті тамақтарға  үйренісуі қалай?

- Жалпы алғанда бізге бұл жердің ауа райы таңсық емес. Сарыарқаның аязынан келген спортшыларымыз мындағы салқын ауа райына елеңдеп жүрген жоқ. Ең бастысы, жарыс кезінде боран болмаса болғаны. Дәл бүгінгідей аңырап жел соғып тұрса, шаңғышы, биатлоншыларға қиындау соғуы мүмкін. Бірақ, жарысқа біздің спортшылар ғана шықпайды ғой. Боран соқса бәріне бірдей соғады. Сондықтан көппен бірге көреміз. Тамақтарына келетін болсақ, спортшылар арасында өздерімен бірге қазы-қарта алып келгендері бар. Арасында соны жейді. Әйтсе де Олимпиада қалашығының тағамдары да жаман емес екен. Ұнап жатыр. Халал тамақ та жеткілікті екен.

- Спортшылардың жаттығу жұмыстары көңілдеріңізден шығады ма?

- Әрине, біз оларға барлық жағдайды жасадық. Белгіленген кестеге сәйкес жаттығады, тамақтанады, демалады. Бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Орналасқан жерлері де таза, ретті, жылы. Біздің штабтың міндеті  - спортшыларға жағдай жасау, уақытында ақпарат беру, қонақүй мен стадиондар арасында тасу, жиналыс өткізіп, тапсырма беру.

- Бұл додада кімдерге үміт арта аламыз?

- Шаңғы спортынан, фристайл, могулдан спортшыларымыз осыған дейінгі әлем кубоктарында өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Олимпиадада да осы спорт түрлерінен жүлде күтеміз. Басқа да спорт түрлерінен жеңімпаздар болмайды деп кесіп айтпау керек. Бәлкім біз болжамаған жүлделерге де ілініп қалармыз. Шорт-трекшілеріміз де өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Қазір анау-мынау деп аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйық. Жалпы көп мәселе спортшылардың бағына байланысты. Жоғарыда атап өткенімдей, біз спортшыларға барлық жағдайды жасадық. Енді, олардың ісі - жүлде алу, жүлдегер атану.

- Спортшыларды қоса есептегенде, Олимпиадада қазақстандық делегацияда қанша адам бар?

- Жалпы саны 150-ге жуық. Олардың қатарында аккредитациясы жоқ арнайы алып келген адамдарымыз бар. Біз оларды  қалаға арнайы келісіммен кіргізіп отырмыз.

- Ол қандай мамандар, не істейді?

- Жарыс болған жерде неше түрлі жағдай да болуы мүмкін ғой. Сол үшін арнайы дәрігерлер, массаж жасаушылар, психологтарды алып келдік. Оған қоса шаңғышыларымыздың аяғына шаңғыны байлап беретін, майлайтын көмекшілер бар.

- Жарыс кезінде спортшыларымызға қолдау көрсететін арнайы жанкүйерлер болады ма?

- Біз, яғни Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті туристік компаниямен келісімшарт жасасқан болатынбыз. Олар осы Олимпиадаға жанкүйерлерді міндетті түрде әкеледі. Жарыста жанкүйерлеріміз міндетті түрде болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар