Қазақстандық спортшылар Қытайдағы жарыста аза тұту белгісін тағып шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Уси қаласындағы семсерлесуден әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандықтар жарысқа аза тұту белгісін тағып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің мезгілсіз қазасы бүкіл әлем халқын ауыр қайғыға душар етті. Талантты спортшы, аяулы ұл, намысты отандасымыздың қазасына байланысты ел спортшылары өздері қатысып жатқан турнирлерге аза тұту белгісін тағып шықпақ. Қытайдың Уси қаласындағы семсерлесуден әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандық нояндар жарысқа аза тұту белгісін тағып шықты», - деді ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметінде.

Сондай-ақ атап өтілгендей, еліміздегі барлық спорттық федерациялар өткізетін ресми әрі ресми емес турнирлер бір минуттық үнсіздікпен басталады.

Айта кетейік, кеше Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін «Қайрат» және «Тобыл» клубтары матчтағы жеңісін Денис Теннің рухына арнады.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

25 жасында өмірі үзілген спортшымен қоштасу рәсімі 21 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Басталуы - сағат 10:00-де. Сондай-ақ бір мезгілдегі қоштасу рәсімі 21 шілде күні Астанада қаласындағы "Барыс-Арена" стадионында өтеді. 

Соңғы жаңалықтар