Қазақстандық спортшылар Еуропададағы дайындықтан тікелей Бейжіңге ұшады – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиадаға қазақстандық спортшылар қалай жеткізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта спортшыларымыз бірнеше топқа бөлінді. Бірінші топ Еуропада дайындалып жатыр, сондықтан олардың Еуропадан тікелей Бейжіңге бару мәселесін шешіп жатырмыз. Тағы екі топ – шорт-трек пен коньки тебушілер елордада «Алау» мұз айдынында «Бабл» жүйесінде дайындалып жатыр. Қалған спорт түрлері, фристайл болсын, қысқы көпсайыс болсын Алматыда «Саду» спорт базасында дайындалып жатыр. Халықаралық Олимпиада талаптарына сәйкес, 14-27 қаңтар аралығында сол екі спорт нысандарында ешкіммен қарым-қатынас болмауы үшін жабылып, «Бабл» жүйесінде дайындалып жатыр», - деді С. Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, барлық спортшыларымыз екпе алған, олардың денсаулығына байланысты барлық жағдай жасалған.

«Біздің ұлттық құрама команда, оның ішінде елордадағы екі команда 27 қаңтарда чартерлік рейспен Алматыға ұшады. Алматыдағы қалған спортшыларды алып, Бейжің қаласына ұшады. Бейжіңде 4 күн карантинде болып, әрі қарай жарыстарға дайындығын бастайды», - деп түсіндірді вице-министр.

Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың Бейжің қаласында, 2022 жылдың 4 мен 20 ақпан аралығында өтеді. Онда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. Жарыстар Бейжің қаласынан бөлек оның қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалаларында да өтеді.

Бұған дейін С. Жарасбаев Қысқы Олимпиадаға баратын спортшылардың қай өңірлерден көп іріктелгенін айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар