Қазақстандық спортшы Бразилиядағы сурдлимпиадалық ойындарда қола жүлдегер атанды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатқан 24-ші жазғы сурдлимпиадалық ойындарда батысқазақстандық Дина Ержанова сурдо дзюдодан қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, Д.Ержанова 52 келі салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Оның сөзіне қарағанда, Дина Аралбекқызы 2018 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубында (директоры Әскербек Нұрмұханов) спорт түрлерімен шұғылданып келеді.

Осы аралықта ол сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионы, ел кубогының иегері атанды. 2021 жылы Франция мемлекетінің Версаль қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері.

Дина 2004 жылдың 12 наурызында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында тұрады.

«Дина Орал қаласындағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатын тәмамдаған. Бүгінде қаладағы жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінде дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 1-курста оқиды. Жаттықтырушылары – Теміржан Сұлтанұлы Хасанғалиев және Арман Шыңғалиұлы Байенов», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Есендияров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бразилияда жазғы сурдлимпиада ойындары басталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар