Қазақстандық спортшы әйел әлем чемпионатында 160 мәрте гір көтеріп, күміс жүлде алды

None
None
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын Анастасия Севостьянова Венгрияның Будапешт шаһарында өткен гір спортынан әлем чемпионатында екі күміс алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

58 келіге дейінгі салмақтағы екі категорияда (әуесқойлар мен ардагерлер) өнер көрсеткен спортшы 16 келілік гірді 10 минутта 160 рет жұлқа көтерді.

Ол мұндай ауқымды додаға алғаш рет қатысып отыр. Осыған дейін бірнеше рет облыстық және қалалық чемпионаттардың жеңімпазы атанып келген.

«Гір көтерумен 7 жыл бұрын айналыса бастадым. Үнемі жаттығу жасап, дайындалып жүремін. Бірақ мен бірінші кезекте анамын. Екі балам бар. Оларды тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысамын. Алайда адам көңілі қаласа сүйікті ісіне бәрібір уақыт табады екен», - дейді 35 жастағы әйел.

Оның тек отбасы шаруалары ғана емес, күнделікті жұмысы да бар.

Қазіргі уақытта «Казцинк» компаниясы Риддер байыту комбинатының техникалық құжаттамасының маманы.

Венгрияға жарысқа қатысуына осы жұмыс орнының басшылығы демеушілік жасаған.



Соңғы жаңалықтар