Қазақстандық селекционерлер дәнді-дақылдардың жаңа сұрпын әзірлеуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары бидай және өзге де ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарының жаңа сұрпын әзірлеу үстінде.

Оның ішінде «Асыл сапа» және «Таймас» атаулы бидайдың жаңа түрлері бар. Бұл туралы аталған орталықтың бөлім меңгерушісі Әділхан Бәбкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бидайдың жаңа сорттарын жасау, оларды көбейту және өндіріске енгізу бойынша 65 жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында дәнді дақылдардың көптеген түрлерін әзірлеп шығарды. Соңғы жылдары селекционерлеріміз бидайдың жаңа сорттары – «Асыл сапа» және «Таймас» бойынша жұмыс істеп келеді», - дейді Әділхан Бәбкенов.

Селикционердің айтуынша, бидайдың бұл сорттарын Ақмола алқаптарына 2-3 жылдан кейін егуге болады. «Таймас» жаңа сорттары 90-95 күнде піседі. Оның өнімділігі жоғары әрі құрғақшылық пен ауруларға да төзімді. Қазіргі кезде сорт тек әзірленіп, сынақтан өтуде. Аталмыш бидай сортын әзірлеу үшін шамамен 15 жыл уақыт кететін көрінеді.

«Жаңа сорт будандастырылған уақыттан бастап өндіруге дейін шамамен 15 жылды қажет етеді. Бірақ биотехнология мен гендік инженерияның заманауи әдістерінің арқасында біз бұл мерзімді 7-8 жылға дейін қысқартқымыз келеді», – деп толықтырды Әділхан Бәбкенов

Айта кетсек, жаңа сорт «Шортанды-14» және «Шортанды-2012» сипаттамалары бойынша төмен болмайды. «Шортанды-2012» сияқты жаңа сорттар, орташа ерте пісетін түрі. Ең жоғары өнімділік қолайлы жылдары гектарынан 33 центнерді құрайды. Бидайдың бұл жаңа сұрыптары бұзылмайды және ұзақ сақталатындығымен ерекшеленеді. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласында кеңінен танымал.

Еске сала кетсек, Ақмола облысының Шортанды кентіндегі А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының сорттары 2,6 миллион гектар егіс алқаптарына егілген. Сонымен бірге, аталған орталықтың нүктелік егіншілік жобасын жүзеге асырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар