Қазақстандық саяхатшы Сеулден Пусан қаласына велосипедпен жетпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 35 жастағы алматылық Дамир Кушеев әуесқой велосаяхатшы. Ол алғашқы сапарында бауырымен бірге Алматыдан Семейге жаяу жүріп барған. Кейін велосипедке көшкен. Бүгінде ол велоспедпен еліміздің бірнеше өңірінде және Түркияда болып қайтты. Енді жол Оңтүстік Кореяға түсіп отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі жерлесімізбен жаңа сапар туралы әңгімелескен еді.

«Мен алдымен волонтермін. Өткен жылы пандемияда қалалар жабылған кезде мен кішігірім команда жинақтап, волонтерлікпен айналыстым. Біздің команда індет өршіп тұрғанда қолдауға мұқтаж жандарға азық-түлік, киім және заттай көмек көрсетті. Сондай-ақ, біздің волонтерлер қалалық деңгейде ұйымдастырылған түрлі қайырымдылық акцияларға да белсене қатысты. Пандемия реттеліп, елдегі жағдай бір қалыпқа келген соң. Өткен жылы мен бауырыммен бірге «Абайға апарар жол» (Путь к Абаю) атты жобаны қолға алдық. Мақсат – ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай бауырым екеуміз Алматыдан Семейге жаяу баруға бел будық. Солайша 46 күннің ішінде 1 200 шақырымды бағындырып Абайдың туған мекеніне жаяулатып жеттік. Кейін маған таныстарым неге велосипед немесе көлікпен жүрмейсің деген ой салды. Содан кейін келесі сапарым велосипедпен басталды», - деді Дамир Кушеев.

Яғни саяхатшы вилосипедпен Алматыдан 5 облыстың аумағы арқылы 2 200 шақырымды жүріп өтіп Ақтөбеге жетеді. Және бір айта кететін жайт велосаяхатшы сапарда жалғыз жүреді.

«Саяхат биылда өз жалғасын тапты. Және ол Түркиядан басталды. Мен жазда Түркістаннан Ыстанбұлға ұшып барып, одан әрі Түркияның бірнеше қаласын велосипедпен аралап шықтым. Алдымен Ыстанбұлдан Анталияға бардым, кейін Измирге, одан соң Анкараға жеттім. Анкарада біздің елшіліктің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай веложарыс ұйымдастырдық. Өте жоғары деңгейде өтті», - дейді ол.

Осылайша жерлесіміз Түркияның бірнеше қаласында болып, велосипедпен 36 күннің ішінде 2 700 шақырымды бағындырыпты.

«Одан бөлек, осы күзде тағы өз елімізде сапарлаттым. 12 қазанда Алматыдан велосипедпен шығып Семей, Өскемен, Павлодар, Нұр-Сұлтан және Қостанай аумағын жүріп өттім. Бүгін тағы жолға дайындалып жатырмын. Бұйырса Оңтүстік Корея астанасы Сеулге ұшамын. Кезекті велошеруім Сеулден басталады. Неге Корея деген сұраққа келсек. Келесі жылы 28 қаңтарда Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осыған орай велосипедпен Сеулден Пусан қаласына дейін жүріп өтпекпін. Аталған 2 қаланы әлемдегі ең ұзын веложол байланыстырып жатыр. Өзіңіз білетіндей Мемлекет басшысы биыл тамызда жұмыс сапарымен Оңтүстік Кореяға барды. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Абай ескерткішінің ашылуына қатысты», - деді велосаяхатшы.

Сондай-ақ, ол Сеулдегі Абайдың ескерткішіне барып, тағзым білдіретінін айта келе, қазақстандықтарды аталған елдің тарихы, мәдениеті және тіршілігімен таныстырғысы келетінін жеткізді.

«Қазір Оңтүстік Кореяға аттануға сақадай сай отырмын. Ел теңізге жақын орналасқандықтан ауа райы ылғалды, жаңбырлы және желді болып келеді. Оған да дайындалдым. Бірақ виза жағынан кішкене кедергілер болды. Пандемияға байланысты көптеген елдер туристердің келуіне тыйым салып жатыр. Оның ішінде Корея да бар. Мен бақытыма орай, 24 желтоқсан күні визаға қол жеткіздім. Бәрі жоспардағыдай болып жатса, Кореяға сапарым келесі жылы 20 қаңтарға дейін жалғасады және 700 шақырымды велосипедпен жүріп өтпекпін. Және сапар барысында Instagram, Tik-Tok желісіне видео, фото жүктеп отырамын», - деді


Соңғы жаңалықтар