Қазақстандық сапаның жаңа белгісі беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымы отандық тауарлар мен қызметтерге өз белгісін беруді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйым басшысы Азат Әбдірахмановтың айтуынша, жаңа белгіге Еуропаның сапа ұйымы және Қытайдың сапа қауымдастығы кепілдік беріп отыр. «Демек, аталған ұйымдар біздің берген дипломымызды мойындайды. Осылайша, отандық тауарлар мен қызметтерді халықаралық дәрежеде танымал етуге мүмкіндік бар. Себебі тауардың қаптамасында «Қазақстандық сапа белгісі» деген жазумен бірге сол ұйымдардың атаулары да көрсетіледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қолдап жатыр. Енді, біз кәсіпкерлерді жаңа белгіні алуға міндеттей алмаймыз. Ол - әрбір бизнесменнің өз еркі. Отандық кәсіпорындар жаңа белгіні аламын десе, біз дайынбыз. Өтінім берілсе, жеңіл аудит өткіземіз. Ал тауардың сапасына көз жеткізгеннен кейін куәлікті бере аламыз. Біздің мамандарымыз дайын, сапа талаптары да әзірленді. Аудит өткізудің тәртібі бекітілген», - деді А.Әбдірахманов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Маманның сөзіне қарағанда, сапаға қатысты сан алуан дипломдарға сене беруге болмайды. Себебі ондай құжаттар сапаның көрсеткіші емес. «Мысалы, сатып алатын дипломдар мен куәліктер болады. Ондайда өз өніміңізді апарасыз да, соның үстіне 1000 доллар төлесеңіз, сізге әдемі рамкамен куәлік бере салады. Ал ұлттық конкурсқа, я болмаса, халықаралық байқауға, мәселен Еуропаның сапа конкурсы бар, Азия сапа конкурсы бар, сол жерден жеңіп шықсаңыз, онда болады. Әйтпесе, біреулер ұйымдастыратын толып жатқан рейтингтер бар. Негізі, рейтингтер де сатып алынады. Соның дипломдарын толтырып қойса, ол өнімнің көрсеткіші емес. Ресми медальдар, ресми конкурстардың куәліктері болуы қажет», - деп атап көрсетті А.Әбдірахманов.

Соңғы жаңалықтар