Қазақстандық режиссер Әмір Байғазин Словакиядағы кинофестивальде үздік режиссер атанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық режиссер Әмір Байғазиннің «Жаралы періште» көркем фильмі Словакияның Кошица қаласында өткен 24-ші Халықаралық «Art Film Fest» кинофестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды. Картинаны фестивальде фильмнің киімдер бойынша суретшісі Кәмила Құрманбекова таныстырды.

«Жаралы періштеден» басқа, халықаралық байқауға 13 фильм ұсынылған болатын. Олардың ішінде Оливер Лакстың «Мимоза», Кристиан Тафдруптың «Ата-аналар» және Анна Зора Беррашедтің «24 апта» фильмі бар. Фестиваль үстіміздегі жылы 17-25 маусым аралығында Словакия елінде өтті.    

Бұған дейін хабарланғанындай, трилогияның үшінші бөлімі Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында болған халықаралық кинофестивальге қатысып, қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болған еді. 

Сондай-ақ, алдағы шілде айында «Жаралы періште» Тайваньдағы Тайпей кинфестиваліне халықаралық International New Talent Competition бағдарламасы бойынша ұсынылады. Бұл бағдарламаға бүкіл әлемнен жас дарынды кинематографистердің бірінші немесе инновациялық катиналары қатысады.   

Сонымен қатар, алдағы 26-30 шілде аралығында «Жаралы періште» фильмі Жаңа Зеландияның Халықаралық кино фестиваліне қатысады. Туынды бұл фестивальде «Жаңа көзқарас» секциясында ұсынылады. Төрт жасөспірімнің моральдық таңдауы туралы фильмнің әлемдік премьерасы биыл ақпан айында Берлин халықаралық кинофестивалінде болған еді.     

Ал 11 мамырда «Жаралы періште» Францияда прокатқа шықты. 13 мамырда Алматыда қазақстандық премьерасы болды. Ал, Америкалық премьерасы 25 мамырда Сиэтл қаласында өтті. 

Соңғы жаңалықтар