Қазақстандық парламентшілер Анкарада ТүркПА аясындағы шараларға қатысуда

None
None
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы бүгін Анкарада басталған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің аясындағы шараларға қатысуда.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Сапар аясында қазақстандық делегация бағдарламасында - Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттеріндегі әріптестерімен кездесулер жоспарланған. Бұл ретте Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы алғашқы екіжақты жүздесуі Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Төрағасы Асылбек Жээнбековпен болды. Нұрлан Нығматулин мен Асылбек Жээнбеков парламентаралық ынтымақтастыққа айырықша назар аудара отырып, көптеген мәселелерді кең көлемде талқылады. Тараптар екі ел парламенттері арасындағы қарым-қатынастың деңгейіне жоғары баға берді. Қазақстан мен Қырғызстан депутаттары заң шығару жұмысында әрдайым тәжірибе алмасып отырады, Еуразия кеңістігінде ынтымақтасу жүйесін дамыту мәселелері бойынша өзара байланысып, ТМД ПАА, ТүркПАА, ЕурАЗЭҚ ПАА, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты парламентаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтасуды жандандырып отырады.

Нұрлан Нығматулин мен Асылбек Жээнбеков екі ел парламентшілері өз қызметтерін көршілік тату қатынастарды нығайта түсу жолына жұмсайтындықтарын тағы да бір рет дәлелдеп берді. Сонымен бірге тараптар Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері арасындағы заңмен қамтамасыз етуге қажетті келісімдердің жүзеге асырылуы қажеттігін ерекше атап өтті.

Соңғы жаңалықтар