Қазақстандық өнімдер импорттаушы елдердің «күмәнді» тізіміне енген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық өнімдер импорттаушы елдердің «күмәнді» тізіміне енген. Бұл туралы «Ұлттық аккредиттеу орталығы» Әдіснама және нормалау департаментінің басшысы Алмат Орынғалиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстан Республикасының аумағында 900-ге жуық сынақ зертханасы аккредиттелген. Сынақ жұмыстарын жүргізген кезде зертханалар Қазақстан Республикасының стандарттарын, Қазақстан Республикасының, Кеден одағы мен ЕАЭО-ның мемлекетаралық стандарттары мен техникалық регламенттерін басшылыққа алады», - деді Алмат Орынғалиұлы.

Оның айтуынша, бірнеше жыл бойы БАҚ-та шет мемлекеттер аумағына қазақстандық өнімдерді кіргізбейтіндігі туралы ақпарат жарияланып келеді.

«Бұл астық өнімдеріне, рапс майына, сүт өнімдеріне және тағы басқа өнімге қатысты. Себебі барлық жағдайда ұқсас және жедел сынама кезінде өнімнің құрамында мәлімделмеген көрсеткіштерді анықтауға байланысты болды. Яғни, Қазақстан Республикасында жүргізілген сынақтардың нәтижелері шетелдік зертханалардың сынақ нәтижелеріне сәйкес келмеді. Осының барлығы қазақстандық өнімдерді сапасыз өнімдермен байланыстыра бастауына және импорттаушы елдерде күмәнді өнімдер қатарына енуіне әкеледі. Қазақстандық зертханалардың сынақ нәтижелеріне сенімсіздік артуда. Тест нәтижелерін тану процесі жоғалады», – деді ол.

Департамент басшысының дерегінше, бұл мәселенің кем дегенде екі себебі бар. Біріншісі – импорт-экспортқа қатысатын елдердің стандарттарында белгіленген қолданбалы сынақ әдістерінің элементарлық айырмашылығы. Екіншісі – қолданылған сынақ жабдықтарының айырмашылығы. Қазіргі уақытта еліміздің зертханалық базасының жағдайы мынадай:

60 пайыз жабдық Ресейде жасалған; 15 жылдан асқан жабдықтың үлесі 30 пайыз. Сонымен қатар 1960-70 жылдары жасалған құрал-жабдықтар бар.

«Осылайша, аккредиттелген 900 зертхананың ішінде ең көп дегенде 20 шақты зертхана ғана заманауи сынақ жабдықтарын пайдаланудың артықшылықтарын көрсетіп, қазақстандық өнімді импорттаушы елдердің талаптары деңгейінде жұмыс жүргізуге баса назар аудара алады. Өкінішке орай, бұл сынақ зертханаларының жалпы санының шамамен 2-3 пайызын құрайды», деп түсіндіреді Алмат Орынғалиұлы.


Соңғы жаңалықтар