Қазақстандық оқушылар Қырымға кеткен: Оқу-ағарту министрлігі түсініктеме берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық оқушылардың Қырымға сапарына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілі қазақстандық оқушылардың шетелге сапары қалай қадағаланатынын сұрады. Бұл ретте журналист «Россотрудинство» өкілдігінің бағдарламасы бойынша оқушылардың Қырымға жасаған сапарын мысалға келтірді.

«Ата-аналардың білім беру ұйымымен байланыспай, балаларын өз бетінше жіберген. Біз күн сайын балалармен байланыстамыз. 28 мамырда олардың оралуын асыға күтеміз. Бүгінгі таңда олардың өмірі мен денсаулығы, эмоционалды жағдайы жақсы. Өйткені, олармен бірге ата-аналары бар. Оқушылар бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау емтихандарын белгіленген кесте шеңберінде тапсыра алады. Сондықтан бұл оқу процесіне және қорытынды баға алуға әсер етпейді», - деп түсіндірді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Насыжан Оспанова.

Сондай-ақ, спикер балалармен қандай да бір сапарға шықпас бұрын баратын аймақты зерттеп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.

«Біз бұл аймақтағы жағдайдың өте шиеленісті екенін түсінеміз. Сондықтан әр бағыт туралы ойлану керек. Әсіресе балалардың саяхатына қатысты немқұрайлық танытуға болмайды. Ол балалар келгеннен кейін ата-аналарымен әңгіме жүргізетін боламыз», - деп түйіндеді Насыжан Оспанова.


Соңғы жаңалықтар