Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 4 медаль жеңіп алды
Халықаралық химия олимпиадасы (IChO 2020) қашықтық форматында өтті. Оған әлемнің 62-ден астам елінен 248 оқушы қатысты. Олимпиадаға Қазақстаннан іріктеу кезеңдерінің жалпы рейтингісінде және Менделеев олимпиадасының нәтижелері бойынша ұлттық құраманың мүшелері болған төрт үміткер қатысты.
Халықаралық химия олимпиадасы - 20 жасқа дейінгілер қатысатын жыл сайын өтетін химия бойынша сайыс. Халықаралық химия олимпиадасына қатысқан жылдар ішінде, дәлірек айтсақ 1999 - 2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы 72 марапатқа ие болды: 6 алтын, 27 күміс, 37 қола медаль және 2 құрмет грамотасы.
«Биыл онлайн режимде өткен Халықаралық химия олимпиадасында ұлттық құраманың барлық мүшелері қола медальмен марапатталды. Олар: Қайырбек Қайдар - Павлодардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, Мужубаев Әбілмансұр - Нұр-Сұлтан қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» оқушысы, Сейсенқұл Бақдәулет - Нұр-Сұлтан қаласының дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» мектеп-интернатының оқушысы, Абдугафарова Кибриянур - Алматы қаласындағы Халықаралық «Galaxy» мектебінің оқушысы», - делінген хабарламада.
Қатысушыларға үйден шықпай-ақ IChO 2020-ға қатысып, әлемнің ең үздік жас химиктерінің арасында бақтарын сынап көрудің керемет мүмкіндігі болды.