Қазақстандық оқушы АҚШ пен Гонконгтың 11 оқу орнынан шақырту алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Алина Молдағалиева АҚШ пен Гонконгтың 11 жоғары оқу орнынан шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтын белгіден» үміткер, озат оқушының өзі АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Drexel университетін таңдап отыр.

Талапты жас химиялық инженерия мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесін алып шықпақ.

«Зияткерлік мектептің маған берген мүмкіндігіне зор жауапкершілікпен қараймын. Мен иеленген 11 оқу грантының алтауы толық грант болса, қалған университеттер оқуға жеңілдік ұсынды. Пенсильвания штатындағы Drexel университетінің бір артықшылығы, 1-курстан бастап компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Келешекте Отаныма келіп, химиялық инженерия саласын дамытқым келеді», - дейді Алина.

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Алина Молдағалиева - БҰҰ моделі мектеп конференциясының Best Speech Certificate (Үздік сөз) сертификат иегері, FLEX лидер алмасу бағдарламасының финалисі, химиядан халықаралық онлайн олимпиаданың жүлдегері (Мәскеу).

Алина 10-сыныпта оқып жүргенде, мектептен АҚШ-тың Johns Hopkins University оқу орнында өткен CTY (Center for Talented Youth) білім беру бағдарламасына жолдама алды. Әлемдегі дарынды оқушылар қатарында Алина жазғы лагерьде биоинженерия саласы бойынша ағылшын тіліндегі зерттеулерге қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты.

А.Молдағалиева спорттан құралақан емес, шаңғы жарысынан қала чемпионы, спорттық-балдық би бойынша облыс жеңімпазы. Еріктілік жұмыстарына да белсенді араласады.

Соңғы жаңалықтар