Қазақстандық Ник Вуйчич «Ливерпуль» мен «Челси» жұлдыздарымен кездеседі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбеков «Челси» және «Ливерпуль» футбол командаларының жұлдыздарымен кездеседі. Бұл туралы 11 жастағы қазақстандық Instagram-да жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Достар, мен УЕФА-ның Суперкубогына шақыру алдым. Онда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының өткен маусымдағы жеңімпаздары - «Ливерпуль» мен «Челси» кездеседі. Қуанышымда шек жоқ», - деп бөлісті Әли.

Ол сондай-ақ бұл сапарды ұйымдастырған УЕФА-ның басшылығы мен қорына, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының Байқаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевқа алғысын білдірді.

«Баршаңызға және әрқайсыңызға жеке айтарым: ғажайыптар болады және армандар орындалады. Ең бастысы, жақсылыққа сену, іс-әрекет ету, армандау және Тәңірге үміт арту! Барлық адамдар мен балаларды спортқа, белсенділікке, позитивке, армандарға, мақсатқа және мейірімге ұмтылуға ынталандырғым келеді. Бүгін мен аталған командалардың жабық жаттығуына қатысамын!», - деп қосты ол.

Еске салайық, «Ливерпуль» өткен маусымда Чемпиондар лигасының, ал «Челси» Еуропа лигасының жеңімпаздары болды. Командалардың кездесуі 14 тамыз – сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Түркияның Ыстанбұл қаласындағы 43500 адам сиятын «Водафон Арена» стадионында өтеді. Қазақстанда тікелей көрсетілімді «Qazsport» арнасы жүзеге асырады. Басталуы – 00:45.

Айта кетейік, Әли Тұрғанбеков биылғы көктемде футбол әлемнің жұлдыздары Лионель Месси мен «Барселона» ойыншыларымен кездескен болатын. Бұдан бөлек, қазақстандық оқушы оның алдында өзге де белгілі футболшылар - Андрей Шевченкомен, Неймармен, Киллиан Мбаппемен, Эдинсон Каванимен, Диего Марадонамен, сондай-ақ өзінің кумирі, екі аяқсыз және екі қолсыз дүниеге келген Ник Вуйчичпен жүздескен еді.

Соңғы жаңалықтар