Қазақстандық «Ник Вуйчич» қиындықтарды қалай еңсерді?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушы Әли Тұрғанбековтің әке-шешесі әкімшілік кедергілерге байланысты өмір есігін аяқсыз ашқан баласын мектепке орналастыра алмай біршама қиналған. Бауыр еті баласын білім ордасына орналастыру үшін ата-ананың көрмегені жоқ екен. «ҚазАқпарат» ХАА Әлидің әке-шешесімен кездесіп, тағдырлы баланың өмірімен танысып қайтты.

Әлидің анасы Ақмаралдың айтуынша, баласы Қазақстанда кездесе бермейтін патологиямен - аяқсыз дүниеге келген. Өткен күнді еске алу қиын болса да, Ақмаралға әу баста бәрі де - туыстарынан бастап медициналық персоналға дейін баламен қош айтысуға үгіттеген екен. Алайда бұған ана жүрегі көнбепті.

«Сәбиімді тастап кетуге кеңес берді. Бірақ, бұлай істеу менің басыма сыймады. Өз балаңды қалай қиып кетесің? Оның үстіне жарымжан болып өмірге келді. Сол уақытта басыма қандай күн туса да баламды тастамауға бекіндім», - дейді ол.

Қазіргі уақытта Әлиден кейін де отбасының балалары өмірге келген. Бүгінгі күні отбасының 4 баласы бар.

«Тұңғыш балам осылай өмірге келгендіктен, маған екінші баланы табу тіптен қауіпті екенін ескертті. Бірақ, 11 айдан кейін Әмір келді дүниеге. Қазір ол Әлидің жеке көмекшісі. Мен олардың қалай бірге балабақшаға немесе мектепке баратынын елестететінмін. Ойым іске асты. Тіптен кішкентай кездерінде-ақ Әмір ағасына диванға шығуға немесе бір затты әкеліп беруге көмектесетін. Бір ауыз сөзі жоқ, ағасының керегіне жарап жүр. Бір-біріне деген бауырмалдығы ерекше», - дейді анасы.

Әли өскен сайын кейбір жайлар ауыр түсе бастағаны сезіле түседі. Өйткені, протездер оның аяғына келе бермейді.

«Қазақстанның да, өзге де мемлекеттердің клиникаларында протез алу турасында өтінішімізден бас тартты. Өйткені, Әлидің аяғына протез келмейді екен. Мен Бейжіңдегі профессорлардан балама ыңғайлы протез жасап беруді сұрап, жалындым. Демеушілер табылып, Әлиімнің аяғынан тік тұрып кетуіне де жол ашылған. Бұл үшін 30 мың АҚШ доллары кетті. Қайырымдылық қорларында белгілі бір жобалар болғанымен, олардың қаржысы алдын ала бөлініп қояды. Мемлекеттік көмекке де қол создық. Алайда мұндай жағдай үшін ақша қарастырылмапты. Ірі компаниялар заңды тұлғалармен ғана жұмыс жүргізетінін, жеке адамдарға көмек берілмейтінін айтты. Сондықтан, бұл бір шығар қуысы жоқ шеңбер секілді көрініп кетті. Сол тұста мен ең басты мақсат ретінде балама сапалы білім беру жөн деп шештім. Білім алса ғана ол өзінің болашағын құра алады. Бізге бәрі көмектесті. Тіпті зейнет жасындағы әжелер зейнетақысынан 2-5 мың теңгелерін ұстатқан кездер де бар. Аружан Саинның қоры, тіпті ресейлік қорлар да көмек қолын созды», - дейді Ақмарал.

Десе де, өмірлік кедергілердің бірін еңсерген Тұрғанбаевтардың алдынан сынақтың екіншісі кесе көлденең шыққан. Әлидің мектепке барар жасы келгенімен, білім ордалары мүмкіндігі шектеулі балаларды білім мекемелеріне қабылдай бермейтінін білген.

«Бармаған мектебім жоқ. Тіпті балама ыңғайлы болу үшін білім ордаларының дәретханаларына дейін көріп, директорлардың бәрімен бетпе-бет кездестім. Бірақ, барлық жерде жауап бірдей еді - «қабылдамаймыз» дейтін. Маған «Қалайша балаңыз арбамен есіктен кіре алады?» деп сұрайтын. Бірақ, мен баламның білім алуға қақы бар екенін, олардың бас тартуы негізсіз екенін білетін едім», - дейді ана.

Әлидің болашағы үшін әке мен шеше ешкім құшағын жайып тұрмаған Астанаға тура тартыпты. Нәтижесінде, жас жеткіншекті қарапайым орта мектепке оқытуға жол ашылған. Бірақ, бала онда адам естіп білмеген қатынасқа тап болыпты.

«Адами факторлардың кесірі бізге өте ауыр тиді. Бірінші қыркүйекті балам асыға күткен еді. Көңілді болатын. Біз жиынға бардық та, балам мұғалімге гүл ұсына бергені сол еді... Мұғалім оны итеріп жіберді. Ол бізге «Неліктен мұнда әкелдіңдер?» деп дүрсе қоя берді. Сол кезде баламның қалайша бұл жерде 11-сыныпқа дейін оқитынын көзіме елестете алмай қойдым», - дейді Ақмарал.

«Одан кейін біз туралы телевидение бағдарлама түсірді. Сол бағдарлама арқылы жоғары шенді шенеуніктің зайыбы бізді тауып алып, «Нұрорда» мектебіне оқытуға жол ашып берді. Күні бүгінге дейін қуанышымды шектей алмай, шүкірлік айтамын. Мен бағдарламаға қатысуға кеңес берген адамдардан бастап, бізді мектепке дейін жетелеген мейірімді жандардың барлығына алғыс айтамын. Ол адамдардың бәрі де менің баламның бағын ашып берді. Мен бұл білім ордасының әкімшілігіне, басшыларына, мұғалімдері мен оқушыларының барлығына да шексіз рахметімді айтқым келеді. Мен олардың бәріне де бақытты ғұмыр тілеймін», - дейді Ақмарал.

Әлидің әкесі Азаматтың айтуынша, көптеген қиындықтар мен кедергілерден кейін өмірлері орнымен оңала бастағаннан кейін әке-шешенің екеуі де көз жастарына ерік беріпті. Өз кезегінде бастауыш сынып бойынша тәрбие жөніндегі орынбасары Қорлан Үлебаева білім ордасында ең алдымен адамдардың өзара қарым-қатынасына ерекше ден қойылатынын айтады.

«Біз баламен де, ата-анамен де тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Әли бізге келе жатыр деген кезде мұнда ешкім де таңқалған жоқ. Оны көптің бірі деп қабылдады. Арнайы қажеттілігі бар мектеп болмағандықтан, Әлиге арналған арнайы құрылғылар жоқ еді. Бірақ, ұжыммен, психологтармен дұрыс бағытта жұмыс жүргізіп, Әлиге ең бірінші кезекте психологиялық тұрғыдан жүк түсіп кетпеуін қадағаладық», - дейді Қорлан Үлебаева.

Ақырында, бірлесе атқарылған жұмыстан кейін бүкіл ұжым Әлиді күтіп алуға сақадай сай дайын болған.

«Әли өте мейірімді бала. Арбаға таңылғанына қарамастан, барлығына көмегім тисе екен деп ойлайды. Ең бастысы, өзін ешкімнен кем санамайды», - дейді Қорлан Үлебаева.

Әли бұл мектепте өзінің бауыры Әмірмен бірге оқып жүргенін атап өту керек. Келешекте Әли жүзуші болғысы келетінін айтады.

«Маған мұнда бәрі ұнайды. Достарым да, мұғалімдерім де қамқор. Ешкіммен ерегіспеймін, бәрімен доспын. Бәрі де көмектесуге құштар. Әмір ылғи қасымда. Үшінші сыныптан бастап суға жүзу сабағы басталды. Осылайша, жүзуге ден қойдым. Келешекте суға жүзуден топ жарып, көп ақша тапқым келеді. Шахмат пен математикаға да қызығушылығым зор. Бауырым екеуіміз көп жағдайда планшетпен ойнаймыз», - дейді Әли.

Әли үшін мектепке жету оңай болуы үшін әке-шеше жақын маңнан пәтер жалдаған екен.

«Біз осы ауданнан арнайы пәтер жалдап отырмыз. Әлидің мобильді телефоны бар. Қажет болса, бірден хабарласады. Күн суық кездері бізге Инватакси қызмет көрсетеді», - дейді баланың әкесі.

Бірақ, кейде қиындықтарда да болып жататын көрінеді.

«Бізге кейде мектепке өздерің жетіп алыңдар дейді. Бірақ, Астананың аязы бізге мұрша бере бермейді. Арбаның дөңгелегі тайғанақтап кетіп, баламның жолға сырғып кеткен кезі бар. Тіпті бір кезде Әли оқушылардың көзінше бордюрге құлап қалған. Мұндай кездерде әрине, ешқайсымызға оңай тимейді. Бірақ, бәрін әзілге айналдырып жіберуге тырысамыз. Ол өте көңілді бала. Аяғы бар күйде жүгіріп жүргені туралы кейде түс көреді екен. Қалай десек те, мұңайғанын маған көрсеткісі келмейді. Бірақ, оның жүрегінің жарасын түсінемін ғой», - дейді Ақмарал.

Ақмарал келешекте ұлының атақты адам болатынына сенеді. Бірақ, бұл атақтың аяушылықтан туғанын ана қаламайды. Ақмарал баласына Ник Вуйчичтің кітабын оқиды екен. Ник Вуйчич - бала Әлидің кумирі.

Қорыта келе, Тұрғанбаевтардың әлі де болса қажеттілігі барын атап өткіміз келеді. Әлидің протезі мен баспананы жалдау отбасы үшін оңай тиіп тұрған жоқ.

Отбасыға көмек қолын созғысы келгендер 87051309433 нөмірі немесе Ali_amir_happy инстаграмы арқылы байланысқа шыға алады.

Соңғы жаңалықтар