Қазақстандық «Мыстан» сериалы Берлин фестивалінде үздік драма атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық сериал Webfest Berlin кинофестивалінде жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Salem Social Media компаниясы шығарған «Мыстан» телехикаясының атқарушы продюсері Анна Дармодехина мәлім етті.

«Біздің туынды қатысқан үшінші фестивальде де жеңіске жетті. «Мыстан» телесериалы Webfest Berlin фестивалінде «Үздік драма» аталымын жеңіп алды» деп жазды Анна Дармодехина Facebook парақшасында.

Айта кетейік, «Мыстан» вебсериалының тұсауы биылғы 24 маусымда кесілген болатын.

Телехикая ер адамдар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған үш әйелдің тағдыры жайлы баяндайды. Олар қоғамда әйел құқығы тапталып жатқанына шыдамай, күресуге бел буады.

Алғашқыда қыздар өздерін ренжіткен жандарды заң аясында жазаламақ болады. Дегенмен, мақсатқа жету көп күш пен уақытты талап ететінін түсініп, ойындағыны іске асырудың басқа жолын таңдайды.

Қастандық жасағандарды біртіндеп ұстап, өздері жазалайды. Олардың ойынша, әділдік орнатудың тек бір ғана жолы бар, ол - кек алу.

Соңғы жаңалықтар