Қазақстандық муайтайшылар Әлем чемпионатында бес медаль алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 20-29 шілде аралығында Таиланд елінің Бангкок қаласында ересектер арасынада муайтайдан Әлем чемпионаты өтті. Бұл додада Қазақстан құрамасы 5 медаль еншіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі дивизионда өнер көрсеткен (17-23 жас) 13 спортшының арасында - Бақытжан Әріпханов (51 келі), Еламан Саясатов (54 келі) және Ильмира Кунахуновалар (67 келі) қола медальға ие болса, 60 келі салмақта (class U23) өнер көрсеткен Ерқанат Оспан күміс жүлдеге қол жеткізді. Алғашқы жекпе-жекте Е.Оспан украиналық Сергей Радовты нокаутқа түсірді. Ширек финалда малайзиялық Мохд Фазадкиды ұтып, жартылай финалда колумбиялық Томас Чавераны жеңді. Бірақ финалда Ерқанат қытайлық Ионг Ченге есе жіберді.

Сондай-ақ 57 келі салмақ дәрежесінде (Elite A) Алмаз Сәрсембеков әлем чемпионы атанды. Жартылай финалда Алмаз украиналық Владислав Микитасты ұтты. Ал финалда Сәрсембеков ресейлік Сергей Абрамовты ұпай санымен жеңді. Қазақстан үшін, бұл көптен күткен алтын жүлде.

Соңғы рет - 12 жыл бұрын қазақстандық тайбоксшы Алмаз Касенов (81 келі) элиталық А-класта әлем чемпионы атанған болатын.

ҚР муайтай федерациясының мәліметіне сәйкес, жалпы медальдық есепте Қазақстан құрамасы 5 жүлдемен (1 алтын, 1 күміс, 3 қола) 10-орынға табан тіреді. Бангкокта өткен Әлем чемпионатына 99 мемлекет қатысты.

Соңғы жаңалықтар