«Қазақстандық мазмұн - ел мүддесі» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда маусымның 19-ы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Қазақстандық мазмұн - ел мүддесі». «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақала Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Атырау облысындағы жұмыс сапарына арналған. Басылымның жазуынша, Премьер-Министр мектеп түлектерінің «Ақжелкен-2010» шарасына қатысып, ҰБТ қорытындысы бойынша 100 балдан жоғары жинап, мектепті үздік бітірген түлектермен кездескен. Осыдан кейін облыстағы бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралап, олардың жұмыс барысымен жан-жақты танысқан. Үкімет басшысының жұмыс сапары жайында басылымның сенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан-Шарль Бертонэ мырзаны оның өтініші бойынша қабылдады. Ортақ әңгімеге екі елдің діни-рухани мәселелері арқау болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Елші көп ұлт пен ұлысты Қазақстан халықтарының ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқанын, сондай-ақ Қазақ елінің әлемде бейбітшілік сүйгіш және діндераралық төзімділік ордасына айналғанын, жаһанда оған тәнті болмаған елдер аз екенін тілге тиек етіп, жұртымыздың ұстанымына қызығатынын және оған жетудің жолдары, тәжірибесін білгісі келетінін, соны Қазақстан дінбасынан сұрау ниетімен келгенін жеткізген. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің елшіге берген жауабын оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне назар аударыңыз.

***

«ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Германия Федеративтік Респубилкасының вице-канцлері - Сыртқы істер министрі Гидо Вестервеллемен телефон арқылы әңгімесі болды», деп жазады «Айқын» газеті «Бірлескен қимыл қажет» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, тараптар Қырғызстанның оңтүстігінде болып жатқан жағдайларды және ЕҚЫҰ аясында сол жайларды оңалту мәселесі бойынша Уақытша үкіметке көрсетіліп отырған шараларды талқылаған. Сонымен қатар екі елдің сырты саяси ведомство басшылары шілденің 16-17-інде Алматыда өтетін ЕҚЫҰ Сырты істер министрлерінің бейресми кеңесіне дайындық барысын қозғаған.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тілдер кафедрасының меңгерушісі Ғалымжан Ермекбаймен арадағы сұхбат «Тіл: Барлық жол ғылымға апарады» деген тақырыппен басылған. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «жаңа ақпарат түбінде жаңа тауар немесе қызмет тудырады. Дәл осылайша тіл ғылымында әуелі тілдің өзін жан-жақты зерттеу қажет, яғни оның егжей-тегжейлі заңдылықтары жасалуға тиіс. Олар тілдің қызмет ету мүмкіндігін кеңейтуге, сол тілдегі ақпаратты көбейтуге, бірте-бірте дамыған тілдің пайда болуына алып келеді», депті.

***

«Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев елордалық медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше елордадағы 34 медициналық мекемеде істейтін 5300 адам күн сайын 16 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді екен. Соңғы екі жылдың ішінде қалада заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 14 медицина нысаны бой көтеріліп, тағы 8 нысанның құрылыстары жүргізілуде. Ағымдағы денсаулық саласына қала бюджетінен 12 миллиард қаржы бөлінсе, 2012 жылы ол 14 млрд. теңгеге дейін көтерілмек.

Астана күні мерекесі қарсаңында велосипед жарысынан өтетін «Астана кубогы» дәстүрлі халықаралық жарысы ағымдағы жылы сол жағалауағы Тәуелсіздік және Достық көшелеріндегі бұқаралық веложарыспен басталады. «Астана ақшамы» газетінің атап өтуінше, аталған шараға «Астана» велоклубының майталман шабандоздары Александр Винокуров пен Альберто Контадор құрметті қонақ ретінде қатысады.

***

Футболдан 2010 жылғы әлем чемпионаты төрткүл дүниенің назарын өзіне аударып отыр. Қазақстан жанкүйерлері де ХІХ әлем чемпионатын қалт жібермей тамашалауда. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада еліміздің орыстілді комментаторларының кейбір сөздеріне қынжылыс білдірілген. «Кейбір сөздері жүрегімізге біз қадап алғандай селт еткізеді. Евгений Акманов деген комментатор Жапония мен Нигерия ойнаса болды, Кейсуке Хонданы және Чиди Одианы «игрок столичного ЦСКА» дейді. ЦСКА - Ресей астанасы Мәскеудің командасы. Сонда Қазақстанның астанасы Мәскеу ме?! Бір емес, бірнеше рет осылай деді. Мұнысы несі?..», деп жазған басылым жалпы, осындай спорт додаларын орыс тілінде жүргізудің қажеті бар ма? Спорт додаларынан берілетін репортаждар, оның ішінде футбол тек қазақ тілінде жүргізілсе, бұл мемлекеттік тілімізді насихаттаудың, үйретудің тамаша жолы болар еді деген ойларын алға тартады. Газет тілшісінің осы төңіректегі ой-пікірлері «Біздің астанамыз Мәскеу ме?» атты мақалада жан-жақты негізделген.

«Семейдегі сауықтыру мекемесінің мамандары темір торда отырып, күйзеліске ұшырағандарды қазақ күйінің құдіретімен емдеуді ұйғарды. «Күймен жан жараны емдеу» атты мұндай жаңа әдістемені түрмеде жазасын өтеп жатқандардың бірі ұсыныпты. Ал оған мұндай ой телеарналардың бірінен көрсетілген «Музыканың адамға берер әсері» деген хабардан кейін келіпті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл жөнінде кеңірек семейлік автордың «Қапаста қамыққандарды Құрманғазы құтқарады» атты мақаласынан білуге болады.

Тұрғындар саны 50-ге жетпейтін ауылдарды қаржыландыру экономикалық тұрғыдан тиімді болмағандықтан, соңғы кездері аймақты дамыту бағдарламасы аясында оларды біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Кім-кімге де кіндік қаны тамған ауылының жойылып кеткені оңай емес. Осы орайда, «Алаш айнасы» «Шағын ауылдарды сақтап қалу үшін елдімекендер статусын анықтауды қайта қарау керек пе?» деген сауалды таразыға тартып көрген екен. Бұл жөнінде өз көзқарастарын білдірген қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев пен Сенат депутаты Бақберген Доспанбетовтің пікірлерін «Ой-көкпар» айдарынан оқи аласыздар.

***

«Ағымдағы жылы 75 жылдық мерейтойын атап өтетін Алматының мемлекеттік қуыршақ театры Прагада өткен 14-ші дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінде «Қаңбақ шал» атты қазақ ертегісімен бас жүлдені жеңіп алды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, биылға фестивальге қатысуға 273 өтініш түсіп, іріктеу комиссия 44 елдің шығармашылық топтарын таңдап алған. Осылайша 28 мемлекеттен келген 38 театр ұжымы байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болған. Нәтижесінде қазылар алқасы «Қаңбақ шал» қойылымын «Үздік театр декорациясы және қуыршақ дизайны» аталымы бойынша бас жүлдеге лайықты деп тапқан.

Бұл қуанышты хабар «Егемен Қазақстан» газетінің де назарынан тыс қалмаған.

Қырғызстанның уақытша үкіметі Қазақстанға ағып келетін өзенді бекітіп, қазақстандықтарға тиесілі Ыстықкөл панционаттарын ұлт меншігіне өткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай «Литер» газеті Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошовқа, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевқа және саясаттанушы Айдос Сарымға «Ондай уақытша үкіметке көмектесу қажет пе?» деген сауал қойған. Есімі елге белгілі аталған азаматтардың жауаптарын оқығыңыз келсе «Литер» басылымның сенбілік санына назар салыңыз.

Соңғы жаңалықтар