Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Загребте қос қолаға қол жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Хорватия астанасы Загребте мәнерлеп сырғанаудан өтіп жатқан «Golden Spin of Zagreb» турнирінде қос қазақстандық жасөспірім жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткендей, Рахат Бралин мен Алана Тоқтарова жасөспірімдер арасында қола жүлдеге ие болды.

Р.Бралин екі жаттығудың қорытындысы бойынша 153.66 ұпай жинап, үшінші орынға ілікті. Бұл сында италиялық Габриель Франгипани 195.21 ұпай жинап, чемпион атанды. Қытайлық Йонг Чен 166.25 ұпаймен күміс жүлдегер атанды.

Жасөспірім қыздар арасында Алана Тоқтарова қола медальға ие болды.

Бүгін Загреб айдынында ересектер арасындағы дода басталады. Қазақстан намысын Айза Имамбек, Никита Манько және спорттық жұп Жансая Адыханова мен Әбіш Байқанов қорғайды.

Загребтегі халықаралық турнир 2001 жылдан бері олимпиадаға ұпай беретін турнир ретінде ISU бағдарламасына енген болатын. 2014 жылдан бері челленджер санатындағы жарысқа баланады.

Қазақстандық Денис Тен 2009, 2014 және 2015 жылдары аталған турнирде үш мәрте жеңіске жеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың Загреб турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар