Қазақстандық құтқарушылар Түркиядан оралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркиядағы жойқын өртті ауыздықтауға аттанған қазақстандық құтқарушылар елге аман-есен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың чартерлік рейстер тоқтайтын алаңы. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қайта-қайта көкке қарап, құлақтарын тосып, 4000 шақырымнан астам аралықты еңсеріп келе жатқан МИ-8 тікұшақтарын іздейді. Қызметтік форма киіп, қазықтай қатқан мамандардың арасында қолына шар мен гүл ұстаған балаларын жетектеп бірнеше ана жүр. Бәрінің күтіп тұрғаны – екі апта бұрын Түркиядағы өртті сөндірісуге аттанған құтқарушылар экипажы.

Журналистер арадағы бос уақытты пайдаланып, құтқарушылардың жұбайларын ептеп әңгімеге тартты.

«Жолдасым Түркияға еліміздің атынан үлкен миссия орындауға – өрт сөндіруге кетті. Әрине, үй-ішімізбен амандықтарын тілеп отырдық. Балалар уайымдады. Үнемі хабарласып, хал-жағдайларын біліп тұрдық. Бір жағынан отағамыздың бауырлас елге Қазақстанның атынан барып, өрт сөндіріп қайтқанын, берілген тапсырманы абыроймен атқарып оралғанын мақтан тұтамыз. Түркиядағы өртті сөндіруге баратындарын алғаш естігенде уайым болды. Өйткені онда үлкен апат болып жатқанын көріп-біліп отырдық. Бірақ мемлекет алдындағы қызметтік борышы болғандықтан, жолдасым өзі ниетті болғандықтан, амандық тілеп, жібердік. 2006 жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді. Екі баламыз бар. Ұлдары да әкелерін мақтан тұтады. Әкеге қарап ұл өседі ғой. Ертең олар да әкесінің жолын қуып жатса еш қарсы болмаймын. Өйткені жолдасымның мамандығын мақтан тұтамын», - деді Әсет Жылқайдаров есімді экипаж офицерінің жұбайы Әлия Жылқайдарова.

«Әкемді сағындым. Көрмегенімізге екі апта болды. Олар Түркияға өрт сөндіруге кетті. Әкеммен видеобайланыс арқылы хабарласып тұрдық. Өзі шаршап жүрсе де, біздің халімізді көп сұрады», - дейді Әмина Қабден есімді балақай. Оның әкесі де елге аман оралып, отбасымен табысты.

Экипажды ҚР ТӨтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи қарсы алып, миссияның сәт орындалуымен құттықтады.

«Өздеріңіз білесіздер, биылғы жаз Түркияда өте ыстық болды. Орталық Азияның көп елінде, соның ішінде Қазақстанда да солай болып тұр. Ол жақта жойқын өрттер тіркелді. Оны ауыздықтау үшін Түркия тарабы қосымша күштер тартты. Түркия басшылығы Қазақстанға жүгінгендіктен Мемлекет басшысы көмек көрсету үшін жедел топ жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Көптеген елдерден айырмашылығымыз – біз бұл көмекке гуманитарлық сипат беріп, тегін көрсеттік. Яғни біздің топтың бүкіл шығыны Қазақстанның өз есебінен төленді», - деді Юрий Ильин БАҚ өкілдерін берген сұхбатында.

Айтуынша, Түркияға қазір көмек көрсетіп жатқан елдердің көбі келісімшарт негізінде жұмыс істеуде.

«Қазәуеқұтқару» мекемесінің тікұшақтары өз тарихында ең алғаш рет осындай алыс сапарға шығып тұр. Сапардың бір жағы ғана 4 мың шақырымнан асады. Біздің мамандар ол жақта әуеден барлау жасап, өрт сөндіруге қатысты. Біз жіберген екі тікұшақ бірнеше күннің ішінде жалынның үстінен 300 тоннадан астам су төкті. Елдегі жағдайды ескере келіп, экипажды Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін елге қайтару туралы шешім қабылданды. Қазақстанның өзінде де қазір айтарлықтай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Батыс Қазақстан облысының аумағындағы дала, орман өртін сөндіруге «Қазәуеқұтқару» мекемесінің тікұшақтарын пайдаланып жатырмыз. Қазір ондағы жағдай бақылауда», - деді Төтенше жағдайлар министрі.

Сондай-ақ, ол қазақстандық құтқарушылардың бұған дейін де ел аумағынан шығып, іргелес елдерге осы тектес көмектер көрсеткенін атап өтті.

«Қырғыз Республикасының аумағында жоғалған туристерді іздеуге көмектесіп, құтқару жұмыстарын жүргізген кезіміз болған. Ал бұл жолы мамандар бірнеше елдің әуе кеңістігін кесіп өтіп көмек көрсетіп тұрғанымыз бірінші рет деуге болады. Ресейдің, Әзербайжан мен Грузияның аумағынан өтіп барып Түркияға жетті. Мемлекет басшысы Түркияға барып қайтқан экипажға алғысын білдірді. Келешекте олардың бұл ерлігі ескерусіз қалмайды деп ойлаймын. Өз тарабымыздан ішкі бұйрықтармен ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапттаймыз», - деді ведомство басшысы.

Юрий Ильиннің айтуына қарағанда, тәуелсіз Қазақстанның тарихында халықаралық миссия аясында Түркияға осымен екінші рет көмек көрсетіліп отыр.

«1996 жылы Измирде болған жер сілкінісінде құтқару жұмыстарына көмектескенбіз. Мұның бәрі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Егер апат болған ел көмек сұраса, Қазақстан не құтқарушылар жібереді немесе гуманитарлық көмек түрінде жәрдем береді. Биыл Қазақстан бауырлас Тәжікстан және Қырғыз Республикаларына айтарлық қомақты қаражат шығындай отырып, гуманитарлық көмек берді», - дейді Юрий Ильин.

Түркия Елшісі қазастандық экипажға бүкіл отандастары атынан алғыс айтты.

«Биыл құрғақшылықтың кесірінен ірі өрт болды. Шілденің ортасында 200-ден астам өрт ошағы тіркелді. Өкінішке қарай, соңғы өрт ошақтарында 180 мың футбол алаңына тең аумақ отқа оранды. Әрине, Түркия осы өрттердің көбін бауырлас және дос пейілді елдердің көмегінің арқасында өшіре алды. Достық пен туыстық осындай қиын сәттерде сыналады. Қазақстанның осы кезеңде бауырлас ел ретінде көрсеткен көмегі Түркия үшін өте маңызды. Түркияның Қазақстандағы Елшісі ретінде өз атымнан, Түркия халқының атынан Қазақстандық экипажға, ондағы қызметкерлердің отбасыларына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді. Өзара көмек екі ел арасында келешекте де жалғасады. Түркияда да Қазақстанға әрдайым көмек қолын созуға дайын», - деді Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи.

Түркиядан келген экипаждың құрамындағы жедел топтың офицері Әсет Жылқайдаров бұл сапардан өздеріне маңызды тәжірибе жинап қайтқанын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 7 тамыз күні ҚР Төтенше жағдай министрлігінің 2 тікұшағымен 16 құтқарушы гуманитарлық көмек аясында Түркиядағы өртті сөндіруге шыққанбыз. Сол топтың құрамында мен де бармын. Жедел топ ондағы Даламан ауданында шоғырланып, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Шамамен 80 рет әуеге көтеріліп, өртке 300 тоннадан астам су төктік. Халықаралық деңгейдегі миссияға қатысу арқылы үлкен тәжірибе жинадық деуге болады. Теңіздің үстінен тікұшақпен өтудің өзі ұшқыштарымызға бір сынақ болды. Сол сынқтан сәтті өтіп, кәсіби деңгейлерін арттырып қайтты. Түркия – өртке қарсы авиацияны ұтымды пайдаланатын елдердің бірі. Бір өртке бір мезетте 8-9 тікұшақ жұмылдыруы мүмкін. Асып бара жатқан айырмашылығы жоқ. Бізде де әуеден өрт сөндіру жолға қойылған», - дейді экипаж мүшесі.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркиядағы орман өрттерімен күресу үшін халықаралық сапарға аттанған болатын. Экипаж құрамындағы 16 адам бүгін елге дін аман оралып отыр.


Соңғы жаңалықтар