Қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келесі кезең жеке құрамды, техника мен жабдықты түсіру, сондай-ақ жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау болады. Құтқарушыларға іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске бекітіледі деп күтілуде.

Еске сала кетейік, ТЖМ құтқарушыларының иелігінде гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника сияқты құтқарушы құрал-жабдықтары бар.

Айта кетейік, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды.

Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар.

Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Борт бірінші кезекте Газиантеп қаласына барады.

Соңғы мәлімет бойынша, Түркияда зілзала құрбандарының саны 3381 адамға жетті.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.


Соңғы жаңалықтар