Қазақстандық құтқарушылар Газиантептің орталығында іздестіру жұмыстарына кірісті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық құтқарушылар Газиантеп қаласының орталығында іздестіру жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Түркиядағы меншікті тілшісі.

Бүгін таңертең Қазақстаннан 41 адам - құтқарушылар мен медицина қызметкерлері зілзала салдарын жоюға көмектесу үшін Түркияға аттанды.

ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтар: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.

Топ қажетті жабдықтармен де, құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушылармен де жабдықталған.


Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, қайғыра көңіл айтты. Президент Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Түркиядағы жер сілкіністерінен зардап шеккендер мен қаза болғандардың тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ.

Бүгін Түркиядағы 19 қазақстандық студент елге қайтады.


Соңғы жаңалықтар