Қазақстандық компаниялар тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында кемсітушілікке ұшырап отыр - А. Перуашев

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстандық компаниялар тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында кемсітушілікке ұшырап отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің депутаттарымен кездесуі барысында «Атамекен» Одағы» палатасының төрағасы Азат Перуашев осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Тауарлар мен қызметті сатып алулар барысындағы қазақстандық мөлшерді арттыруға қатысты бизнес-қауымдастықтың айтар арызы мол. Мәселен, бүгінгі күні қолданысқа енгізілген «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның бірқатар солқылдақ тұстары көрініс тауып, осыған орай едәуір проблемалар туындап отыр. Атап айтар болсақ, қазақстандық тауар өндірушілермен жасасатын келісім шарттарда, сол тауарларға қатысты есеп айырысу төлемдері қабылдау-алу актісіне қол қойылғаннан кейінгі 180 күннің ішінде жүргізілетіні көрсетілген. Яғни, тауар өндірушілер өздерінің тауарларының немесе қызметтерінің ақысын тек келісімшартқа қол қойғаннан кейін 9 ай өткен соң ғана ала алады. Ал ол кезеңде қызметті алушы компания әлгі қаражат есебінен пайда да табуы мүмкін. Осылайша, отандық тауар өндірушілер банктен несиені алады, сосын өзінің тауарын компанияларға ұсынады. Ал енді сол несиенің қаражатын 9 айға көбейтсе, 18 пайыз шығады. Яғни, ұлттық компаниялар немесе шетелдік компаниялар қазақстандық тауар өндірушілердің қаражаты арқасында тегін несиеленіп отыр деген сөз», деді А. Перуашев. Сонымен бірге, палата төрағасы қазақстандық тауар өндірушілерді кемсітетін бұндай нормаларды заңнамалық деңгейде жою қажеттігін айтып, бұл шарада сенаторлардан қолдау көрсетуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар