Қазақстандық компаниялар Иранға 60 млн долларға өнім экспорттауға келісім жасасты

None
ТЕГЕРАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясында 24-26 сәуір аралығында Тегеранда еліміздің үшінші сауда-экономикалық миссиясы өтуде. ҚазАқпарат бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы ұйымдастырған шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, азық-түлік, химия, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және металлургия тауарларын өндіретін қазақстандық 20 компанияның, екі елдің бірлескен Сауда палатасының, Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының өкілдері, сондай-ақ ирандық тараптан 150-ден астам компания өкілдері қатысты.


Іскерлік кездесулер нәтижесінде Қазақстаннан Иранға тыңайтқыштар, май өнімдерін, ірі қара және ұсақ мал етін жеткізу бойынша 60 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.

ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2022 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 528 млн долларды құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8% жоғары. Бұл ретте қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Иранға жеткізілімдерді одан әрі арттыруға дайын.

Сауда-экономикалық миссия аясында ирандық компаниялар қазақстандық фосфатты тыңайтқыштар, ферроқорытпалар және азық-түлік өнімдерін өндірушілерге жоғары қызығушылық танытты. Өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ресми сапармен Иранға барды.


Соңғы жаңалықтар