Қазақстандық клубтардың еурокубок ойындарындағы қарсыластары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан еурокубок ойындарында сынға түсіп жатқан қазақстандық «Астана», «Қайрат» және «Тобыл» командалары бірінші іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, жарыстың келесі сатысына шықты. Олардың екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап жүрген елордалық клуб енді Данияның «Мидтьюлланн» командасымен кездеседі. Аталмыш команданың құрылғанына жиырма жылға жуықтады. Команда 1999 жылы жасақталған. Жергілікті «Икаст» және «Хернинг Фремад» командарының бірігуінің нәтижесінде құрылған. 2014/2015 жылғы футбол маусымында аталмыш команда тұңғыш рет өз елінің чемпионы атағына қол жеткізді. Одан кейін биылғы футбол маусымында сол жетістігін қайталады. Ал 2006/2007, 2007/2008 жылғы доп додасында күміс жүлдегер болды. Сондай-ақ, олар 5 мәрте күміс жүлдеге қол созды. Бүгінгі күнге дейін еурокубок ойындарында бірнеше мәрте сынға түсіп, мол тәжірибе жинақтап үлгерді. Әзірге қол жеткізген жоғары жетістігі - 2015/2016 жылғы Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсуі. Д тобында Италияның «Наполи», Бельгияның «Брюгге» және Польшаның «Легия» клубтарымен бақ сынасқан олар екінші орын алып, жарыстың келесі сатысында Англияның «Манчестер Юнайтед» клубымен жұп құрады. Аталмыш қарсыласымен өз алаңында кездесуінде даниялықтар 2:1 есебімен жеңіске жеткенімен, сырт алаңда 1:5 есебімен ойсырай жеңілді. Одан кейінгі екі жылда да олар Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Ендеше, «Астана» үшін олар оңай қарсылас емес. Елордалық клубтың аталмыш қарсыласымен алғашқы кездесуі 24 шілдеде өз алаңында болса, 1 тамызда сырт алаңда болады.

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шыққан Алматының «Қайраты» енді Голландияның АЗ клубымен шеберлік байқасады. Голландияның Алкмаар қаласының намысын қорғайтын аталмыш клуб еліміздің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Олар 2010 жылы Еуропа лигасының плей-офф сатысында қазақстандық «Ақтөбе» клубымен кездесті. Ақтөбеде олар 1:2 есебімен жеңілгенімен, өз алаңында 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін АЗ біздің «Шахтермен» топтық кезеңде жолықты. L тобында жолыққан қос команда арасындағы жекпе-жекте АЗ өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, біздің елімізде 1:1 есебімен тең ойнады. АЗ командасы 1967 жылы құрылған. Өз ойындарын 17 мыңнан астам жанкүйер сиятын АФАС стадионында өткізеді. Голландия біріншілігінің 2 мәрте чемпионы болса, 2 мәрте күміс жүлдегері атанып, 7 мәрте қола медаліне қол созды. «Қайрат» пен АЗ клубтары 26 шілде және 2 тамыз күндері ойнайды.  

Қостанайдың «Тобылы» екінші іріктеу кезеңінде Арменияның «Пюник» клубымен кездеседі. Армениялық клуб жаңа ғана сырт алаңда Македонияның «Вардар» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Қос команданың алғашқы кездесуі де 1:0 есебімен «Пюниктің» жеңісімен аяқталды. «Пюник» Армения астанасы - Ереван қаласының намысын қорғайды. Команда 1992 жылы құрылған. Арменияның 11 дүркін чемпионы атағын жеңіп алған. «Пюник» бұдан бұрын да қазақстандық клубпен шеберлік байқасты. 2014 жылы Еуропа лигасында елордалық «Астана» клубымен шеберлік байқасқан аталмыш клуб 1:4, 0:2 есептерімен жеңіліп қалды. «Тобыл» «Пюникті» 26 тамызда өз алаңында қабылдаса, 2 тамызда Арменияға қонаққа барады. 

 

Соңғы жаңалықтар