Қазақстандық кинорежиссердің фильмдері Қытай кинофестивалінде көрсетіледі

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қазақстандық кинорежиссер Арман Баймұратовтың жұмыстары Қытай еліндегі қысқаметражды фильмдердің VIII Азия фестивалінде (Asia Microfilm Art Festival) көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кинорежиссер Арман Баймұратовтың «Өзгеріс», «Ұйықтағанда» («Во сне») және «Тығырық» («Тупик») фильмдері бұл күндері Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясының Линьцан қаласында өтіп жатқан қысқаметражды фильмдердің VIII Азия фестиваліне (Asia Microfilm Art Festival) қатысу үшін таңдалды. Бұл туындылар Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) қатысушы елдердің қысқа метр бағдарламасында қатысуға өтінім берілді.

Арман Баймұратов 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Ол Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы (театрлық көркем сурет) мен «Тұран» университетін (режиссура) мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылдан бері түрлі көркемдік көрмелерге қатысып келеді. Соңғы уақытта қысқаметражды фильмдер түсіріп жүр.

Линьцандағы қысқаметражды кино Азия фестивалінің тарихы 2013 жылдан бастау алады. Қысқа уақыт ішінде субаймақтық фестиваль әлемнің 30 елінен 21 мыңнан астам өтінім жинаған.

Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, коронавирус пандемиясына қатысты енгізілген шектеуге байланысты биылғы марапаттау рәсімінің форматы өзгертіліп, сондай-ақ шақырылған қонақтар саны 1300-ден 600 адамға дейін, ал көрермендер саны 15 мыңнан 1 мың адамға дейін қысқартылған.

Еске сала кетсек, қарашаның 6-8 күндері аралығында Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясының Линьцан қаласында қысқаметражды фильмдердің VIII Азия фестивалі (Asia Microfilm Art Festival) өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, жақында қазақстандық кинорежиссер және сценарийші Фархат Шәріповтің «18 килогерц» фильмі Варшавадағы 36-шы халықаралық кинофестивальдің гран-при жүлдесіне ие болды.

Авторы Руслан Сүлейменов


Соңғы жаңалықтар