Қазақстандық киберспортшылар чемпиондық үшін бақ сынайды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай курортында компьютерлік ойындар түрлерінен «Burabay Cyber cup» Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығының мәліметі бойынша, жарыс 6 сәуір күні Щучье қаласындағы Олимпиадаға даярлық орталығы аумағында өтеді.

«Шараны «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырмақ. Ал «Қазақтелеком» АҚ техникалық қолдау көрсетеді. Чемпионат отандық командалар арасында екі кезеңмен өткізіледі. Бірінші кезеңі 23 наурызда чемпионаттың ресми сайтында онлайн режімде өткізілсе, финалдық ойын Щучье қаласындағы Олимпиадаға даярлық орталығында жалғасын табады. Финалда 4 команда Counter-Strike-тің 2 тәртібі (Global Offensive және Dota 2) бойынша кездеседі. Жеңімпаздар ақшалай марапатқа және демеушілердің, оның бірі - ASUS компаниясы шығаратын сыйлыққа ие болады», - деп атап өтті ведомстводан.

«Киберспортты дамыту бойынша қоғамдық жұмыс тұрақты түрде қолдауды және #QCF барлық команданың қызығушылығын қажет етеді. Біз ұдайы жобаға жаңа әріптестер мен жақтастарымыздың тартылуын қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Бүгінгі және келешек киберспортшылардың дамуына жағдай жасау үшін, жастарды қолдау бағытында бұл бастаманың құндылығын түсіндірген маңызды», деп жазды Фейсбуктегі парқашасында «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы және «Qazaq Cybersport Federation» РҚБ президенті Қуанышбек Есекеев.

Оның сөзінше, осы киберспорттық шараны ұйымдастырып, өткізуге бірінші болып Ақмола облысының әкімдігі қызығушылық танытқан. Келісіздер нәтижесінде анықталғандай чемпионат жаңа форматта өткізіледі.

Айта кетейік, киберспорт - бұл әлемдік индустрияда қарқынды дамып келе жатқан ойын. Қазірдің өзінде Еуропа, Америка, Ресей, Украина және өзге көптеген елдерде жақсы дамыған.

«Қазақстанда киберспорт енді ғана қолға алына бастады. Дегенмен, қазіргі кезде қазақстандағы киберспортшылардың табысы 130 елдің ішінде 35-орында. Еліміздегі киберспортшыларға тігілетін сыйлық көлемі 1,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал Қазақстандағы кәсіби геймерлердің саны 400-ден асады. Өткен жылдың 25 маусымынан бастап киберспорт Қазақстандағы ресми спорт түрі деп танылды. Елімізде киберспорт турнирлерін ұйымдастыру арқылы елімізге туристерді тартуға болады», - деп атап өтті Ақмола облысының «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығынан.

«Осы мүмкіндікті пайдалан отырып, туристер мен киберспортты сүйер қауымды жарысқа қатысуға шақырамын. Біз Бурабай курортында осындай турнирлерді тұрақты түрде өткізіп тұруды шештік. Бұл қазіргі кезде танымал жаңа спорт түрлерінің бірі саналады. Жақында ғана ресми спорт түрі болып танылды. Бұл спорт түрінен көптеген жарыстар ұйымдастырылуда және қзақстандық киберспортшылар жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Осындай жарыстарды өткізу арқылы Бурабай курортына назар аударылатыны сөзсіз», - деп ҚазАқпаратпен пікірін бөлісті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев.

Қазақстандық киберспортшы қол жеткізген ірі жеңіс - «Gambit» командасының Польшада өткен Counter-Strike Global Offensive жарысы. Онда үш қазақстандық турнир чемпионы атағын және 500 мың доллар ақшаны жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар