Қазақстандық кәсіпорындар Қытайда сауда үйін ашады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпорындар Қытайда сауда үйін ашады. Бұл туралы «Бір белдеу - бір жол» бастамасының 5 жылдығына арналған Қазақстан-Қытай бизнес форумында ҚР Сыртқы сауда палатасы төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тамақ және ауыл шаруашылығы саласы өте жақсы тәжірибе көрсетіп отыр.  Қытайда жайылымдар мен егістік алқаптары жыл сайын қысқара түсуде. Ал Қазақстанда экологиялық таза өндіріс бар. Бұл бағыт Қазақстанның екінші мұнайына айналады. Бүгін біз қазақстандық және қытайлық кәсіпорындар арасында келіссөздер жүргізбекпіз. Қазанда Қытайға, Шеньси өлкесінің Сиань қаласына біздің сауда миссиямыздың баруы жоспарланған. Онда іскерлік кездесулерден бөлек қазақстандық кәсіпорындар Қазақстанның сауда үйін де ашады», - деді Нұралы Бөкейханов.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық тарапқа пайдалану үшін арнайы экономикалық аймақтан 5 мың шаршы метр сауда алаңы мен 10 мың шаршы метр бос қоймалар беріледі. Сонымен қатар дүкендерде Интернет қолжетімді болады. Қазақстан сауда үйінің ашылуы осы жылдың 18 қазанына жоспарланған.

«Сауда үйіне қазірдің өзінде 25 отандық өндіруші тіркелген. Дегенмен, бұл алғашқы кезеңі ғана. Толықтай алғанда, бұл сауда үйіне 100-ден астам қазақстандық компания сыйып кетеді. Сауда үйінде отандық өндірушілердің өнімдері қойылып, олар қытайлық тұтынушыларға ұсынылады. Бірінші кезекте бұл сауда үйі қытай кәсіпкерлері мен тұтынушыларына біздің өнімдерімізді таныстыру қызметін атқарады. Ал негізгі сауда-саттық Интернет тұғырнама арқылы жүргізіледі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар