Қазақстандық кәсіпорын Өзбекстан мен Беларуське мата экспорттамақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпорын Беларусь пен Өзбекстанға мата жеткізуді жоспарлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Өзбекстан және Беларусь елдерімен, атап айтқанда бизнес-қауымдастықтарымен табысты жұмыс істедік. Өзбекстан Республикасының күштік құрылымдарына арнап мата шығаруды жоспарлап отырмыз. Беларуське толық өңделмеген мата жібереміз. Мұндай матаны олар Өзбекстан мен Қытайдан сатып алып келген екен. Ал Оңтүстік Қазақстанда отандық мақтадан дәл сондай материал жасайтын кәсіпорын бар, ондағы өнімдерді Өзбекстан мен Беларуське тасымалдай аламыз», - деді «Жасампаз» консорциумы атқару кеңесінің төрағасы Гүлмира Уахитова Астанада өткен «Жеңіл өнеркәсіп жетістіктері - 2017» атты жиында.

Оның айтуынша, консорциум қорғаныс саласындағы тапсырыстардан бөлек, өзге де жобаларды жүзеге асырып келеді.

«Біздің елімізде отандық өндірушілер өнім өндіріп, өз пайдасын тигізе алатын бағыттар көп. Жер қойнауын пайдаланушыларға арнайы киім жеткізіп, ірі ұлттық компаниялар үшін фирмалық киім тіккіміз келеді», - деп атап өтті Г.Уахитова.

Сонымен бірге,  аталған кәсіпорын қарапайым тұрғындар үшін өнім әзірлеуге де баса мән беріп, экспортқа тауар шығаруды көздеп отыр. 

Соңғы жаңалықтар