Қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанда ірі ауылшаруашылық орталығын салады - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ Елшісі Моңғолия депутаты Бәделхан Қабдісіләмұлымен кездесті - Kaznews

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев «Моңғолия - Қазақстан парламентаралық достық тобының» төрағасы – Ұлы Хурал депутаты Бәделхан Қабдісіләмұлымен кездесті, деп хабарлайды Kaznews ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, кездесу барысында қазақстандық дипломат Моңғолияда және Қазақстанда Covid-19 пандемиясына қарсы екпе жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасаған «QazVac» коронавирусына қарсы отандық вакцина туралы мағлұмат беріп, Қазақстан тарапының осы бағыттағы ұсыныстарына тоқталып өтті.

«Бұған қоса, Ж.Әділбаев биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланатанын, осы жылдар кезеңіндегі еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне жеке тоқталды және қазіргі кезеңде елімізде демократиялық пен азаматтық қоғамды одан әрі жетілдіру бағытындағы саяси реформалар туралы баяндады», деп жазды моңғолиялық БАҚ.

Тараптар биыл Қазақстан парламентіне 25 жыл толуына байланысты «Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының» мүшелерімен кездесіп, екі елдің халық қалаулылары арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы шараларға тоқталған. Екіжақты парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажеттілігін атап өткен.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, жоғары және жоғарғы деңгейлердегі саяси диалогты кеңейту, сондай-ақ ЕҚЫҰ мен БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберіндегі бастамаларды ілгерілетуде өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасулар болған.

«Кездесу соңында жоғарыда аталған ұйымдар шеңберінде өзара қолдау көрсету және ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ бұдан әрі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың тетіктерін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», деп түйіндейді Kaznews ақпарат порталы.

Анкарада 30 жылдыққа арналған концерт - TRT

Анкарада түркітілдес мемлекеттер тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концерт болып өтті. Түркияның бас қаласы Анкарада Президенттік симфониялық оркестр залында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Түркі әлемінің халық әндері» атты концерттік бағдарлама өтті.

Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлаған болатын.

Аталмыш іс-шараны Халықаралық түрік мәдениет ұйымы Түріксой және ТР Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған.

TRT-ның дерегінше, концерттің өткізілуіне бауырлас елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан мәдениет министрліктері қолдау көрсеткен.

Мерекелік концертке Түріксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ТР Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Өзгүл Өзкан Явуз, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қырғыз Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Кубанычбек Өмірәлиев, Өзбекстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Әлішер Ағзамходжаев пен бірқатар құрметті қонақ қатысты.

Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Явуз түркітілдес елдерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

Концерттік бағдарламада Қазақстаннан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан Өзбекстаннан және Түрікменстаннан келген өнерпаздар өнер көрсетті.

Айта кетейік, концерт Халықаралық түрік мәдениет ұйымы Түріксойдың әлеуметтік желідегі есептерінен тікелей жарияланды.

Қазақстандық кәсіпкерлер Ферғанада ірі ауылшаруашылық көтерме-тарату орталығын салады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Қазақстандық кәсіпкерлер Ферғанада ірі ауылшаруашылық көтерме-тарату орталығын салмақ. Ол үшін 30 миллион доллар салуға ниетті. Осы келісім арқылы облыста өсірілген ауылшаруашылық өнімдерін тікелей Қазақстан нарығына шығару көзделген, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» агенттігі.

Осы келісмге қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бастаған делегация 27 маусымда ресми сапармен Ферғана облысына келіп, облыс әкімшілігінде әкімнің бірінші орынбасары Авазбек Уринбаев кездесу өтті.

«ӨзА»-ның дерегінше, келіссөздер барысында тараптар Ферғана облысы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою, ауылшаруашылық өнімдерін өсірудің, сақтаудың, мұздатудың, кептірудің және ораудың жаңа әдістеріне арналған кешен құру, сондай-ақ тауар айналымын арттыру, бірыңғай сауда жүйесін құру сияқты мәселелерді жеделдету жөні талқыланды.

Кездесу барысында Бақыт Сұлтанов бұл жолы мемлекеттік қызметкерлерден құралған үлкен делегациямен келгенін айтқан. Араларында кәсіпкерлер мен ірі сауда секторларының жетекшілері бар екенін тілге тиек еткен.

Қазақстандық кәсіпкерлердің Өзбекстанмен ынтымақтастығы бұрыннан жалғасып келеді, бірақ біз осы сапар барысында осы ынтымақтастық механизмін жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Сол себепті бұл жолы Өзбекстанда 3 ірі ауылшаруашылық өнімдерін көтерме сату орталықтарын құруға немесе қолданыстағы логистикалық орталықтармен серіктестікте жұмыс істеуге ниеттіміз, деп мәлімдеген ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Ол үшін шамамен 30 миллион доллар салуға дайын екендіктерін айтқан Бақыт Сұлтанов осы логистикалық орталықтарды тез іске қосып, 2022 жылы жиналған өнімді тікелей Қазақстан нарығына жіберу жоспарымыз бар, - деген.

Орта Азиядағы ең ірі жел электр станциясы Қазақстанның жаңа энергия саласына дем берді - «Жэньминь жибао» (People Daily)


Қытайдың «Жэньминь жибао»порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Қазақстанның Жаңатас қаласындағы «Жаңатас» жел электр станциясының кезекші қызметкерлері негізгі меңгеру орталығында жел электр станция құрылғыларының жағдайын осылай бақылайды, деп басталады бұл хабар.

«Жаңатас – Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі қала. Бұл қала кезінде фосфор кеніне байланысты гүлденіп, кейін кен кәсібі саласының құлдырауына байланысты құлдыраған болатын. Бүгінгі таңда, Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары бірлесіп салған Орта Азиядағы ең ірі жел электр нысаны – 100 мегаваттық «Жаңатас» жел электр нысаны салынып болу алдында тұр. Бұл нысан қалаға жаңа өміршеңдік қуат сыйлайтын болады», деп жазады People Daily.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы бұл жел электр станциясы – Орталық Азиядағы ең ірі жоба. Оны салуға инвестор 150 млн доллар қаражат жұмсалған. Қуаты 100 мегаватт болатын қондырғылар оңтүстік аймақтарды қажет энергиямен қамтуға ықпал етпек.


Соңғы жаңалықтар