Қазақстандық индустрияны дамыту институтына жаңа басшы тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ ұжымына жаңа басқарма төрағасы Әлішер Елісұлын Әбдіқадыровты таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр «ҚИДИ» АҚ алдына «қарапайым заттардың экономикасын» дамытуға және экспортқа бағдарланған индустрияландыруға бағытталған тиімді өнеркәсіптік саясатты іске асыру бойынша міндеттер қойылғанын атап өтті.

Әлішер Әбдіқадыров М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі екендігін айтты. Ол еңбек жолын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде бастаған. Әр жылдары Павлодар облысының, Нұр-Сұлтан қаласының индустриялық-инновациялық даму басқармаларына басшылық етті. Осы уақыт ішінде Әлішер Әбдіқадыров индустрияландыру бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығын әзірлеуге, инвестиция тартуға, өнеркәсіп пен инновацияларды дамытуға белсенді қатысты. «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Министр жаңа тағайындалған төрағаға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін жинақтаған тәжірибесі, білімі мен кәсіби дағдыларын қолданатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Министр ұйымның бұрынғы басшысы Дана Бейсенқызы Жүнісоваға бірлескен жұмысы үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ, министр «ҚИДИ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бекмағамбетов Мұрат Маратұлын таныстырды.

Мұрат Бекмағамбетов Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетін, Geneva Business School мектебін бітірген. Әр жылдары Duke University, University of California Berkeley, KUHNE Logistics University, E&Y, International Communication of school, DB International тағылымдамадан өтті.

15 жылдан астам «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылымында жұмыс істеді. Тағайындалғанға дейін «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Стратегиялар, GR және корпоративтік даму департаментінің директоры қызметін атқарған. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ даму стратегиясын әзірлеуге және іске асыру мәселелерін, сондай-ақ көлік және логистика саласындағы заңнамалық қызметке жетекшілік еткен.

Соңғы жаңалықтар