Қазақстандық хоккейші «Барыс» клубына қайтып оралды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық хоккейші Дмитрий Шевченко астаналық «Барысқа» қайтып оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» хоккей клубынан мәлім еткеніндей, шабуылшымен келісімшарт 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін жасалған.

Д.Шевченконың есімі қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол төрт жыл бойы «Барыстың» намысын қорғады.

Биылғы маусымды хоккейші «Авангард» командасында бастады. Омбылық клубтың сапында Дмитрий ҚХЛ-да 17 матч өткізіп, 1 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.

«Барыста» Д.Шевченко 95-нөмірмен өнер көрсететін болады.

Елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасында Шығыс конференциясында 35 ұпаймен тоғызыншы орында келеді. Плей-офф бәсекесіне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу үшін Андрей Скабелканың шәкірттеріне алдағы ойындарда ұпайды жоғалтпау керек-ақ.

«Барыс» келесі кездесуін Астанада 6 желтоқсанда «Ак Барс» (Қазан) командасымен өткізеді.


Соңғы жаңалықтар