Қазақстандық грек-римшілер Әлем чемпионатының жүлдегері атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бухарест қаласында грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық қос балуан Қаһарман Қисметов пен Аманғали Бекболатов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

72 кг салмақта өнер көрсететін Қ.Қисметов жартылай финалда грузиялық балуанға 5:7 есебімен есе жіберді. Есесіне, қола жүлде үшін бәсекеде ресейлік қарсыласын 5:0 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.


Қ.Қисметов 1997 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі. Кейін Алматыға қоныс аударған. Қазіргі кезде Атырау облысының атынан шығып жүрген балуан 2015 жылы жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия біріншілігінің жеңімпазы, 2017 жылы ересектер арасында ҚР чемпионы атанып үлгерді.  



Солтүстік Қазақстан облысының өкілі, 23 жасар Аманғали Бекболатов Бухаресте 55 кг салмақта кілемге шықты. Ол жарыс барысында үндістандық және украиналық қарсыластарын шаң қаптырғанымен, жартылай финалда ресейліктен жеңіліп қалды. Есесіне қола жүлде үшін күресте жапониялық балуанды 8:0 есебімен ойсырата ұтты.

Айта кетейік, күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Бухаресте өтіп жатқан әлем чемпионаты 18 қараша күні мәреге жетеді. 

Соңғы жаңалықтар