Қазақстандық ғарышкерлер жасағына іріктеу жүріп жатыр – Айдын Айымбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ғарышкерлер жасағына келесі іріктеу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов Jas Otan Сases жастар сессиясында мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда ғарыш қызметі дамып келеді. Әрине, Тұңғыш Президент - Елбасының қолдауы мен бақылауының арқасында ғарыш саласы қазіргі дамуына қол жеткізді. Біздің үш ғарышкеріміз бар - Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы, Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы және мен. Қазір Назарбаев Университетінің жанында Ұлттық ғарыш орталығы салынып жатыр. Қазақстанда жобалау кезеңінен бастап сынақ кезеңіне дейін бәрін біздің Құрастыру-сынау кешенінде жасауға болады. Кішкентай жерсеріктерден 6 тонна болатын үлкеніне дейін жасай аламыз. Енді алдымызда телекоммуникациялық жер серігі мен жерді қашықтықтан зондтау серіктерін шығару міндеті тұр», - деді ғарышкер.

Сонымен бірге, Айдын Айымбетов Қазақстан ғарышкерлер жасағына келесі іріктеуге дайындық жүріп жатқанын хабарлады және ғарышкер болғысы келетін жастарға денсаулығын тексертуге кеңес берді.

«Әсіресе, мұрын кеңсірігінің қисаюын түзетуге болады, бұл үміткерлерде жиі кездеседі. Ең алдымен қазақстандықтар жер үстіндегі тәжірибелерге қатысады. Өйткені, ұшу кезінде ғарышкерлер ұзақ уақыт бойы шектеулі кеңістікте болады, бұл үлкен моральдық және психологиялық күшті қажет етеді. Жобаға қатысқысы келетіндер Тұран даңғылы, 89 мекенжайындағы Ұлттық ғарыш орталығына келе алады», - деді А. Айымбетов.

Соңғы жаңалықтар