Қазақстандық ғалымдар Арал түбіне ағаш өсірудің жаңа технологиясын ойлап тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық ғалымдар құрғап қалған Арал теңізінің орнына фитомелиоратив технологиясы арқылы ағаш отырғызу керек деп санайды. Бұл туралы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті басқарма төрағасының халықаралық қатынастар және стратегиялық жоспарлау бойынша орынбасары Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде еліміздің орман шаруашылығы саласында бірқатар ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр. Соның бірі - Арал теңізінің құрғаған түбінде фитомелиоратив технологиясы арқылы ағаш отырғызу мүмкіндігі. Жаңа технологияның көмегімен ағаш отырғызып, өсімдік түрлерін егу теңізден бөлінетін шаң мен тұздың азаюына және жергілікті халық зардап шегіп жатқан сырқат түрлерінің төмендеуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, жаңа жайылым жерлерінің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Тиісінше Арал аймағындағы экологиялық жағдай да жақсара түседі. Тәуелсіздік жылдары кеуіп қалған Арал теңізінде 100 мың гектардан астам жерге сексеуіл отырғызылды»,- деді Е.Нысанбаев елордада өткен «Тәуелсіздік және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің дамуы» атты конференция барысында.

Сондай-ақ, спикер елорда маңындағы жасыл белдеу бойынша да біршама жұмыс атқарылғанын алға тартты.

«Елорда іргесіндегі жасыл белдеу топырақ құрамын жақсарту, оның тұздануын азайту және құнарлылығын арттыру бойынша эксперименттер жүргізілді. Және ондағы өсімдіктер мен ағаштардың өсуіне кедергі келтіретін арамшөптермен күресу мақсатында гербицидтерді қолдану әдістері зерттелді. Сол сияқты жасыл белдеу аумағында орман-саябақ ландшафтарын жасау бойынша ұсыныстар әзірленді. Ғалымдар жұмысының арқасында 100 мың гектарға жуық жерге 28 түрлі ағаш түрі отырғызылды. Қазіргі уақытта жасыл белдеу аумағында елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін демалуға жағдай жасалған», - дейді ол.

Одан бөлек, Е. Нысанбаев отандық ғалымдардың сирек кездесетін және жойылу қаупі бар ағаш тұқымдары үшін «инвитро» өсіру әдісін ойлап тапқанын айтты.

Оның сөзінше, аталған әдіс биоалуандықты қамтамасыз ету үшін маңызды.


Соңғы жаңалықтар