Қазақстандық ғалым травматологияда пайдаланылатын бірегей құрал жасап шығарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» АҚ базасында бірегей өнертапқыштық құрал ойлап табылды. Аталған оқу орнының травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Оразбай Әбдіразақов «Бұғана сынығын оперативті емдеуге арналған бекіткіштер мен құралдар жинағын» жасап шығарды.

Аталған бірегей жоба клиникалық сынақтан табысты өтті. Ғалымның авторлық жұмысы Қазақстан Республикасының патенті мен Ресей Федерациясының сертификатына ие болды.

«Медициналық практикада бұғананың сынуы жиі кездеседі. Клиникалық практикада жабық жолмен сүйек сынықтарын біріне-бірін келтіру және оны толық біткеге дейін ұстап тұру өте күрделі. Қазіргі қолданып жүрген сыртқы бекіткіштер сынықтарды біріктірудің тұрақтылығын, оның біруі үшін жағдайды қамтамасыз ете алмайды. Осының салдарынан түрлі асқынулар да байқалған. Қолда бар бекіткіштерді қолдану барысында кездесетін осындай қиындықтарды ескере отырып, жаңа өзіндік ерекшеліктері бар «Бұғана сынығын оперативті емдеуге арналған бекіткіштер мен құралдар жинағы» әзірлеп шығардым», - деді профессор Оразбай Әбдіразақов.

Бұдан әрі қарай ғалымның чехиялық «Medin» фирмасы мамандарымен бірлесе жасаған авторлық жобасы негізінде Қазақстан мен алыс-жақын шетелде клиникалық қолдануға арналған «Жиынтықты» жасау жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар