Қазақстандық ғалым коронавирусты жылдам анықтайтын экспресс тест ойлап тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық ғалым, PhD, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Болат Сұлтанқұлов COVID-19 індетін жылдам анықтайтын тест құралын әзірледі. Бүгінде экспресс тест зертханалық сынақтан сәтті өтіп, ендігі уақытта клиникалық сынаудан өткізілетін болады. Осы орайда жерлесіміз экспресс тесттің қалай және қанша уақыт ішінде әзірлегені туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Пандемия етек жайып, коронавирус індетінен адамдар қайтыс бола бастағанда, маған індетті анықтайтын құрылғы ойлап табу идеясы келді. Себебі адамдар ПТР тесттің нәтижесін ұзақ күтуге тура келді, салдарынан індеттік жағдай өрши түсті. Осы орайда мен бір әрекет жасау керек деген шешімге келдім. Коронавирус індетін анықтайтын экспресс тестті әзірлеуге 6 ай уақытым кетті. Және оны сала ғалымдарының кеңесіне сүйене отырып, толықтай өзім әзірлеп шықтым. Оған дейін нанодене технологиясы туралы білетінмін, сол технологияны табу мақсатында шетелдік ғалымдардан сұрастыра бастадым. Олардың қатарында Израиль, АҚШ, Иран, Швейцария ғалымдары бар. Соның ішінде швейцариялық ғалымдар сұрауымды қанағаттандырып, коронавирусқа қарсы нанодене технологиясын маған жіберді. Сол технологияға сүйене, қолдана отырып мен аталған індетті жылдам анықтайтын тест ойлап шығардым», - деді Б. Сұлтанқұлов.

Оның айтуынша, коронавирусты анықтайтын экспресс тест зертханалық жағдайда әзірленді.

«Бағасына келсек, мен әзірлеген тест ПТР және анти дене тесттеріне қарағанда арзандау болады. Дегенмен нақты бағасын дәл қазір айта алмаймын, себебі ол әлі есептеліп жатыр. Қаржыландыру мәселесі туралы айтар болсам, менің бұл жаңалығыма Назарбаев Университеті қаржылай грант бөлді. Ендігі кезекті экспресс тестті нарыққа шығармас бұрын сараптамадан және сапасын дәлелдейтін тексерістен өткізу керек», - дейді ол.

Сондай-ақ, ғалым экспресс тесттің тиімділігі туралы айтты.

«Дегенмен COVID-19 індетін жылдам анықтайтын бұл тест клиникалық сынаудан өткен жоқ. Бірақ өткізетін боламыз, ол үшін бізге Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет. Бұл тест барлық жастағы адамдар үшін қауіпсіз. Ол үшін адамның сілекейі қолданылады. Менің ойымша, бұл тесттің тиімділігі сол, коронавирус симптомы байқалған сәттен бастап 7 күннің ішінде анықтайды. Ал сипмтомсыз жағдайда тесттің адам ағзасына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Оны алдағы зерттеу барысында анықтайтын боламыз. Және экспресс тест коронавирусты зертханалық жағдайда нақты әрі жылдам анықтайды. Ең басты ерекшелігі, ол арзан тұрады яғни оны тез әрі үлкен көлемде өндіріске шығару мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда өндіріске шығару мәселесі де талқыланып жатыр», - деді маман.


Соңғы жаңалықтар