Қазақстандық футболшы Руслан Валиуллин допинг дауына ұшырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – УЕФА «Тобыл» футбол клубының ойыншысы Руслан Валиуллинге допингке қарсы ережені бұзды деген айып тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық футболдағы допинг дауына қатысты мәліметті Қазақстан футбол федерациясы растады.

«Руслан Валиуллин ұшыраған допинг дауының Қазақстан футбол құрамасына қатысы жоқ, ол «Тобылдың» ойыншысы және оқиға Украинамен ойынға дейін болған. Одан әрі қалай болатыны әзірге белгісіз, УЕФА-ның шешімін күтеміз. Мүмкін бір ай, мүмкін одан да көп», - деді Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен.

Аталған мәселеге қатысты «Тобыл» футбол клубы да ресми түсініктеме берді.

«Тобыл» футбол клубы Руслан Валиуллиннің допингке қарсы ережелерді бұзу ықтималдығына байланысты УЕФА тарапынан тәртіптік іс қозғалғаны туралы ақпарат алды. Бүкіл ақпарат клуб ішіндегі құзыретті мамандарға жеткізілді, қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың футболшының қанына қалай енгенін анықтау үшін ішкі тексеру жүріп жатыр», - делінген ресми ақпаратта.

Хабарламада айтылғандай, Руслан Валиуллин мен аталған клубтың тағы бір футболшысы Сергей Малыйдан допинг сынамасы «Жилина» – «Тобыл» матчынан кейін алынған.

«Сынақ нәтижесі футболшының жеке поштасына 2 қыркүйекте жіберілді. Ол уақытта футболшы Қазақстан құрамасымен бірге Финляндияға аттанған болатын. Бүгінде клуб осы істі мұқият зерттеу мақсатында Қазақстан футбол федерациясының заңды органдарымен үнемі байланыста екенін жеткізеді», - деп түйінделген хабарлама.

Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында елордада Қазақстан құрамасы Украинаны қабылдады.

Аталған сында қазақстандық жартылай қорғаушы Руслан Валиуллин ерекше ойын көрсетіп, 2 рет гол соқты.

Нәтижесінде кездесу 2:2 есебімен тең аяқталған еді.


Соңғы жаңалықтар