Қазақстандық флот Ресейдің ішкі су жолдары арқылы ашық теңізге шыға алатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық флоттың Ресейдің ішкі су жолдары арқылы ашық теңіздерге шығуына мүмкіндік жасалады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет басшыларының деңгейінде өткен Еуразиялық экономикалық одақтың үкіметаралық кеңесінің отырысында ЕАЭО-ның әріптес-министрлерімен кеме қатынасы туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл құжаттың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Келісіммен ішкі су жолдарындағы кемелердің транзиттік өтуі үшін оңайлатылған рұқсат беру рәсімін енгізу (рұқсат беру мерзімі 10 күнді құрамақ, қазіргі уақытта 3 айдан 6 айға дейін), екіжақты тасымалдау кезіндегі хабарландыру тәртібі, тараптармен ЕАЭО елдерінің кемелеріне порттардың қызметтеріне тең қол жеткізу шарттарын беру, оның ішінде порттық алымдарды төлеген кезде кемелердің экипаж мүшелерінің құжаттарын және теңізшілердің біліктілік құжаттарын өзара тану көзделіп отыр», - деді министр.

Оның атап өтуінше, келісімді іске асыру Ресейдің ішкі су жолдары арқылы ашық теңіздерге қазақстандық флоттың шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жақын арада Қара және Жерорта теңізі порттары арқылы 350 мың тоннаға дейін экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдау көлемін ұлғайта алатын боламыз. 2018 жылы қазақстандық сауда флотымен осы маршрут бойынша шамамен 55 мың тонна жүк тасымалданды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан басқа, келісімді қабылдау Қазақстан мен Ресей арасындағы Ертіс өзені арқылы тасымалдауды, оның ішінде Қазақстан арқылы Қытайға дейінгі транзитті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

«2018 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы Ертіс өзенінің бойындағы жүктер айналымының жалпы көлемі 261,6 мың тоннаны құрады. Кемелер мұнай өнімдерін, кокс, құм және қиыршық тастарды, шағылтасты, ағашты, тұзды тасымалдады. Жалпы, өзен бойымен, оның ішінде Қытайға транзит бағытымен 2023 жылға қарай жүк тасымалдау көлемін 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда», - деді ол.
null null

Соңғы жаңалықтар