Қазақстандық фильм Шанхай кинофестивалінің негізгі байқауына қатысып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қытайда өтіп жатқан Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» көркем фильмінің әлемдік тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық картина фестивальдің негізгі байқау бағдарламасына қатысады. Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» АҚ және «Tursunov Film» компаниясымен бірге түсірілген.

«Шырақшы» фильмінің тұсаукесеріне орай Шанхайда баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Қазақфильм» АҚ-ның бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, фильмнің режиссері Қанат Төребай, желілік продюсер Диана Әшімова және фильмдегі басты актер Мұрат Мұқажанов қатысты.

Серік Жұбандықов фестиваль қонақтарын құттықтап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық туралы әңгімеледі. Продюсер Қанат Төребай фильмнің түсірілімі, тарихы жөнінде айтып берді. Мұрат Мұқажанов негізгі кейіпкердің бейнесін сомдаудағы ерекшеліктермен бөлісті. Ал желілік продюсер Диана Әшімова қазақстандық кино алғаш рет Шанхай кинофестивалінің негізгі байқауына қатысып жатқанын айтты.

Фильм соғыстан оралған жауынгердің тарихын баяндайды. Оған неміс қариясы киноаппарат сыйлайды. Солдат өмірінің соңына дейін сол кинопроектормен айырылмай жүреді.

Шанхай фестивалі Қытайдағы ең ірі кинофестиваль. Халықаралық қазылар алқасын белгілі түрік режиссері, Канн кинофестивалінің Алтын Пальмалық бөлімшесінің лауреаты Нури Билге Джейлан басқарады. Шара 24 маусымға дейін жалғасады.

1993 жылы қазан айында мұнда тұңғыш рет 33 елдің 167 фильмі көрсетілген. Оған 300 мың көрермен келіп, қазылар алқасының құрамында Карен Шахназаров пен Оливер Стоун болды. 2001 жылға дейін фестиваль екі жыл сайын өткізілді. Кейін жыл сайын ұйымдастыру шешімі қабылданды.

Соңғы жаңалықтар