Қазақстандық фильм Ресейде жүлделі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақфильм түсірген «Жігіттер оны Батя деп атайды» деректі фильмі Севастополь қаласында өткен деректі фильмдерге арналған «Победили вместе» XIV Халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақфильмнен мәлім еткендей, кинотуынды запастағы полковник, Ауған соғысы ардагері, Чернобль АЭС апаты зардабын жоюға белсене қатысқан, «Легион» әскери-патриоттық клубының негізін қалаған Батур Абдусаламовтың өмірі мен қызметі туралы баяндайды.  Режиссері - Айнұр Ахметжанова.

«Аталған фестиваль Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қалалардың құрметіне Қырымда тұратын Кеңес Одағы батырларының ұсынысымен ашылған. Фестивальдің басты мақсаты - Еуразия кеңістігінде және басқа да елдердің кинокомпаниялары мен телеарналарының өзекті мәселелерге арналған деректі фильмдерін жинақтау және таныстыру. Қазақстандық режиссердің деректі фильміне «Жаңа тұлғаның образын ашқаны үшін» деп аталатын арнайы жүлде берілді», - делінген баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

Деректі фильмдерге арналған «Победили вместе» XIV Халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесі Марта Прус есімді польшалық режиссердің «За гранью возможного» фильміне бұйырды. «Ең үздік қысқа метражды деректі фильм» жүлдесіне ресейлік Павел Фаттахутдиновтың «Письма с войны» фильмі қол жеткізсе, «Үздік деректі фильм» жүлдесін армян режиссері Армен Хачатрянның «Последнее желание» картинасы жеңіп алған.

Айта кетейік, жас режиссер Айнұр Ахметжанова 1987 жылы 15 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаракастек ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және ТВ» факультетіне оқуға түскен. Сол білім ордасының магистратурасын "Деректі кино режиссері" мамандығы бойынша бітірген.  2013 жылдан бері Айнұр Ахметжанова Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар