Қазақстандық фильм әлемнің 10-нан астам жүлдесіне ие болды
2018 жылғы 19 қараша 15:27

Қазақстандық фильм әлемнің 10-нан астам жүлдесіне ие болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда Әділжан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» кинокартинасы қазақстандық прокатқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған фильмде ауылдан келген ғашықтардың қаладағы өмірі туралы айтылады.

Кинотаспа 22 қарашада Алматы, Астана, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында прокатқа шығады. Көрсетілім 2 күнге созылады.

«Бұл - ең ұлы сезім махаббат туралы фильм. Қазіргі Қозы мен Баянның тарихы. Кино Алматы облысында 1 ай шамасында түсірілген», - деді аталған туындының режиссер Әділжан Ержанов.

Бұл кино бұған дейін француз көрермендеріне көрсетілген болатын.

«Парижде алғашқы демалыста 15 000 билет сатылды. Сұраныстың көптігінен кино Францияның басқа да қалаларына прокатқа шықты. Фильмді француз публикасы бірден қабылдады. Бұл авторлық фильм пайда табу үшін түсірілмеген болатын. Бірақ, өте сәтті шықты. Көрермен тарапынан сұраныс көп болған соң табысты бола бастады. Фильм жарты жылда 20 елде көрсетіліп, 10-нан аса марапат ұтып алды», - деді продюсер Серік Әбішев.

Айта кету керек, картинаның әлемдік премьерасы 71-Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» аталымында өткен болатын.

Одан кейін Карловы Вары, Иерусалим, Армении («Алтын өрік»), Франция (La Rochelle) елдеріндегі байқауларға қатысты.

Almaty film festival байқауында бұл фильм екі бірдей аталым бойынша жеңімпаз атанды.

Басты рөлдерде Қуандық Дүйсембаев, Динара Бақтыбаева ойнайды.

Jańalyqtar

MURAǴAT