Қазақстандық фармкомпания тәуілігіне 300 мың дана медициналық маска дайындайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Пандемия елдегі фармацевтика саласына да әсер етті. Олар қарантин кезінде үздіксіз жұмыс істеді. Медициналық мекемелерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті. Солардың қатарында Қазақстанға және шет елге танымал «Dolce-Pharm» компаниясы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өндірістік кешен Алматы облысына қарасты Ынтымақ ауылында орналасқан, онда 450 адам жұмыс істейді. Зауытта алты өндіріс цехы бар. Атап айтсақ, стерилденген және стерилденбеген қолғаптар өндіретін цех, дәрі-дәрмектер шығаратын (белсендірілген көмір) цехы, түрлі маскалар дайындайтын автоматтандырылған цех, тігін өндірісі және барлық операцияларға арналған жиынтықтар шығаратын цех, зарарсыздандыру цехы және анализдер жинауға арналған пластик өндіретін цех.


«Қазір біз үш ауысымда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Пандемия кезінде қосымша жұмыс орындарын аштық. Наурыз айынан бері 100 адам жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде қазір бізде 450 жұмысшы бар. Төтенше жағдай кезінде кеңсе қызметкерлерінің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі үшін Алматы облысында толыққанды жұмыс істеуге жағдай жасалды – жатын орын, тамақ, көлік. Зауытта санитарлық-дезинфекциялық жұмыс режимі қатаң сақталады. Бізде коронавирус жұқтырғандар жоқ. Тек байланыста болғандар болды, олар бірден оқшауланды, - деді «Dolce-Pharm» компаниясының атқарушы директоры Сәуле Мәкішева.


Оның айтуынша, қазір зауыт жеке қорғаныс құралдарын шығарады.

«Қазір бізде маскалар мен костюмдер жеткілікті. Қойманы толтырып жатырмыз. Қолғаптарға қатысты кішкене проблемалар бар, өйткені біз оларды Малайзиядан сатып алып, зарарсыздандырып, орап қаптаймыз. Пандемия басталғалы бері маскалар мен қолғаптар бүкіл әлем бойынша шамамен 10 есеге қымбаттады. Сондықтан енді біз мемлекеттік ұйымдарға 2015 жылы бекітілген ескі бағамен қолғап бере алмаймыз. Келіссөздер жүргізілуде. Мәселе Үкімет деңгейінде шешілуде. Сондықтан біз қосымша келісімге қол қойылғанға дейін қолғап жеткізуді тоқтата тұрдық», - деп түсіндірді ол.


Сондай– ақ, ол төтенше жағдай кезінде шикізат жеткізуде түрлі проблемалар болғанын атап өтті. Туындаған мәселе министрліктердің араласуымен оң шешімін тапқан.

«Бұрын масканың көтерме бағасы 19 теңгеден болатын, пандемия кезінде баға көтерілді. Қазір 65-96 теңге аралығында. Бұл шикізатқа байланысты. Барлық шикізат жеткізушілері сұраныстың өсуіне орай бағаны күрт көтерді. Біз шикізатты Қытай, Ресей және Түркиядан жеткіземіз», - деді кәсіпорынның атқарушы директоры.

Оның айтуынша, қазір жеткізушілермен екі келісімшарт бар. COVID-19 байланысты медициналық құрылғылардың бағасы қайта қаралды.

«Бізде келісім бойынша 10 түрлі зат бар. Мәселен, қолғап, маска, костюм бағасы 5-10 есеге өсті», - деді спикер.

Бүгінде зауытта 2,5-3 млн маска бар. Тәулігіне 300 мыңға жуық маска мен 150 мың стерильді қолғап шығарылады.


Соңғы жаңалықтар