Қазақстандық энергетикалық апталыққа бірқатар беделді тұлғалар қатыспақшы

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің  7‑сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Қыркүйек айының 21-25-і аралығына жоспарланған қазақстандық энергетикалық апталыққа ГФР-дің бұрынғы федеральдық канцлері Герхард Шредер, АҚШ‑тың экс вице‑президенті Ричард Чейни және «Газпром» АҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер  келуі мүмкін. Олар аталған шараға өздерінің қатысуын қуаттаған.

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице‑министрі Әсет Мағауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице- министрдің айтуынша, Астанада өтетін айтулы басқосу барысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында кезігетін тәуекелдер жайы талқыланып, энергетика  саласының аса өзекті мәселелері, салық салу мен күкіртті жою шаралары секілді маңызды пікір алмасулар болады. «Қазіргі күні Герхард Шредер, Ричард Чейни, Алексей Миллер секілді мәртебелі меймандар  қазақстандық шараға қатысуды  қуаттап отыр», деді А. Мағауов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандық энергетикалық апталық ағымдағы жылғы қыркүйектің 21 - 25‑і аралығында елордада өтеді деп жоспарлануда. Бүгінгі күні шараға қатысуға байланысты әлемнің он бес елінен сегіз жүзге тарта делегат қызығушылық танытқан.

Соңғы жаңалықтар