Қазақстандық экологтар стихиялы қоқыс орындарын ұйымдастырушылардың жазасын қатаңдатуды талап етуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығы елдегі қалдық полигондары мен стихиялы қоқыс орындары мәселесі турасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қауымдастықтың төрайымы Айгүл Соловьеваның айтуынша, Қазақстанда 2932 қоқыс полигондары тіркелген. Оның тек 509-ы, яғни 17%-ы ғана экологиялық нормаларға сай келеді. Оған қоса, тек заңдастырылған полигондарда жыл басынан бері 40 өрт болған: 17-сі Шығыс Қазақстан облысында, бесеуі – Ақтөбе облысында, төртеуі Алматы облысында, үшеуі Павлодар облысында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарында болып өткен.

Соңғы үш айда Қауымдастыққа Ақтау, Өскемен, Семей, Атырау, Түркістан және өзге де өңірлерден жанған полигондар бірнеше күн түтіндегені және санкцияланбаған қоқыс орындарында өрттер қайталанғаны жөнінде ондаған шағымдар келіп түскен. «Тұрғындар үйлердің терезесін ашу мүмкін болмақ тұрмақ, денсаулық жағдайларының нашарлап кеткенін жеткізуде. Жану – бұл жылу мен газдар бөлетін химиялық реакция. Қоқыс құрамы әртүрлі болғандықтан, бөлінетін токсиндердің де көлемі нормадан бірнеше есеге асады», - дейді эколог, - «мәселені ушықтыратыны – тәуелсіздік жылдарын қосқанда ел тарихында нақты қандай көлемде қоқыс жиналғаны туралы ақпарат мүлде жоқ. Тек ресми деректерге сәйкес санкцияланбаған қоқыс орындарының саны 8,5 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар қоқыстың құрамындағы зиянды және улы компоненттердің құрамы және морфологиясы да белгісіз. Парниктік газдардың, зиянды заттардың ауаға тарап, жерге сіңіп, жер асты суларын зақымдауын өлшейтін заманауи құрылғылардың шектеулілігі де жағдайды анықтауға кедергі келтіруде. Токсинді, улы заттардың деңгейін анықтайтын жүйелі зерттеулердің жоқтығы, олардың адам ағзасы мен денсаулығына әсері де – көкейтесті мәселе», - дейді Айгүл Соловьева.

Ол дамыған елдер сияқты қоқыстарды меңгерудің заманауи толыққанды жүйесін жолға қойып, циклді экономикаға көшіп, ең мықты, қауіпсіз әлемдік практикаларды енгізуіміз керектігіне кәміл сенімді.

Айгүл Соловьева 100-ден аса қоғамдық ұйымдарды біріктіретін Қауымдастық атынан экологиялық белсенділерге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және ҚР Үкіметіне, Парламент депутаттарына санкцияланбаған, стихиялы қоқыс орындарын ұйымдастырушылардың жазасын ұлғайту үшін ҚР заңнамасына толықтырулар енгізуді ұсынды. Өз тарапынан Қазақстанның экологиялық ұйымдар Қауымдастығы құқықтық және ақпараттық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар