Қазақстандық дзюдошы ел тарихындағы тұңғыш сурдолимпиадалық медальға қол жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Есту қабілеті төмен спортшылар арасында Түркияның Самсун қаласында өтіп жатқан ХХІІІ Сурдолимпиада ойындарында қазақстандық дзюдошы Шаяхмет Қанапиянов күміс медальге ие болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тұғымбаева хабарлады.

Шаяхмет Қанапиянов Сурдолимпиада ойындарында 66 келі салмақта өнер көрсетіп, ақтық сайыста ресейлік балуан Руслан Аскеровтан жеңілді. Финалға шықпас бұрын жерлесіміз түрік, иран және украин дзюдошыларын тізе бүктірген. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Сурдолимпиада ойындарында жүлде алып көрмегенін ескерсек, Шаяхметтің жетістігін тарихта қалатын жеңіс деп айтуға болады.

Еске сала кетсек, 28 шілдеде Түркияның Самсун қаласында ХХІІІ Сурдолимпиада ойындары басталған болатын. Төрт жылда бір өтетін әлемдік жарысқа 100 мемлекеттің 3 мыңнан астам спортшылары қатысуда. Аталған жарыста Қазақстаннан 9 спорт түрінен 50-ге жуық спортшы аттанған. Атап айтқанда, қазақстандық спортшылар грек-рим күресі, жеңіл атлетика, жүзу, таеквондо, каратэ, үстел теннисі, дзюдо және спорттық бағдарлау түрлерінен ел намысын қорғап жатыр. Сурдолимпиада ойындары 30 шілдеде аяқталады.

Соңғы жаңалықтар