Қазақстандық дипломаттар «Ауылыма кітап» акциясына қатысты
Акцияның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін ілгерілету, өскелең ұрпақтың жоғары азаматтық және рухани-өнегелік бағдарын қалыптастыру. Мектептер мен кітапханалардың білім әлеміне бағыттаушы ерекше рөлін атап өткен сыртқы саяси мекеменің қызметкерлері Ақмола облысы Қоянды ауылындағы №2 орта мектептің кітапхана қорына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 200-ден астам көркем әдебиет кітаптарын сыйға тартты.
Мектеп оқушылары мен ұстаздарымен кездесуде Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Абдрахманов жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда және келешекте кез-келген мамандықтың, соның ішінде халықаралық қатынастардың қыр-сырын үйренуде, одан әрі білім алуға дайындалуда кітаптың маңызы зор екенін атап өтіп, балаларға жаңа білімді ігеруде табыстар тілеп, кітапты көбірек оқуларына тілектестік білдірді.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары құнды сыйлықтар үшін «Қазақстан дипломаттар бірлестігіне» алғыс айтып, қонақтардың назарларына кішігірім концерттік бағдарлама ұсынды.