Қазақстандық дипломаттар Астана марафонына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінің 9 қызметкері 16 қыркүйекте өтетін Астана марафонына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дипломаттар 10 және 42.2 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді.

«Командада жаңа ойыншылар да, тәжірибелі атлеттер де бар. ҚР СІМ қызметкерлері Қазақстанда да, шет мемлекеттерде де спорттық шараларға белсене қатысады. Бұқаралық әуесқой спортты дамытуды және насихаттауды қолдаймыз. Дипломаттарымызға жанкүйер болыңыздар», - делінген баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

Команда мүшелері туралы мәліметтер:

1. Талғат Жұмағұлов, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы - Астанада, Алматыда және Венада 13 марафонға, Өлі теңіздің жағасында өткен жүгіруге және триатлоннан жарыстарға қатысқан;

2. Айбек Смадияров, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі - Вьетнамда Hanoi Half Marathon-ға, тауда жүгіру бойынша Giang Marathon-ға, Астанадағы BI Marathon-ға қатысқан;

3. Ануар Сармантаев, Көпжақты ынтымақтастық департаментінің Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық басқармасының басшысы - байдарка мен каноэде есу бойынша спорт шебері, бірнеше марафонның қатысушысы;

4. Ерлан Өтегенов, Америка департаменті АҚШ басқармасының екінші хатшысы - Лондон және Берлин марафондарына, Ironman 70.3 жарысына және триатлоннан бірнеше олимпиадалық старттарға қатысқан;

5. Айбек Амрин, Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі - Астанадағы BI Marathon, Highvill Skyrunning сатылай жүгіруге және Run in the Dark түнгі эко-марафонына қатысқан;

6. Махамбет Еңсегенов, Халықаралық ақпарат комитетінің екінші хатшысы - Швециядағы Tough Viking жарысына және Астандағы BI Marathon-ға қатысқан;

7. Арсен Омаров, Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары -Женева марафонына қатысқан;

8. Мұрат Рүстемов, Сыртқы экономикалық саясат департаментінің Талдау басқармасының басшысы - марафонға алғаш рет қатысады;

9. Тұрсынғали Еспанов, Басқару және бақылау департаментінің екінші хатшысы - марафонға алғаш рет қатысқалы отыр.

Еске сала кетсек, ертең Астанада «Astana Marathon-2018» жыл сайынғы халықаралық марафоны өтеді. Спорттық шараға қатысуға Қазақстаннан және Германия, Ресей, Жапония, Италия, Өзбекстан, БАӘ, Швеция, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ, Қырғызстан, Франция, Түркия, Аустралия, Кения, Эфиопия, Эритрея, Грузия, Люксембург және Испания сынды әлемнің 20 мемлекетінен 4000-ға жуық адам ниет танытқан.

«Astana Marathon-2018» жасы 18-ден асқан қатысушыларға 42.2 км, ал 16 және одан жоғары жастағыларға 10 км қашықтықты бағындыруды ұсынады. Марафонның ең қашық дистанциясын жүгіріп өтуге 6 сағат уақыт беріледі. Бұл регламентте үлгермеген атлеттер дисквалификацияланып, бағыттан алынады.

Соңғы жаңалықтар